4 Қыркүйек 2026, 17:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Астананың шеткері аумақтарында көпқабатты үй салуға 2035 жылға дейін шектеу қойылды

Астананың бірқатар шеткері аумағында жер учаскелерін беруге және көппәтерлі тұрғын үйлер салуға 2035 жылға дейін уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына сілтеме жасап.

Шектеу егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленбеген, магистральдық инженерлік желілермен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген аумақтарға қатысты.

Басқарманың мәліметінше, мұндай шешім елорданы Бас жоспарға сәйкес кешенді әрі үйлесімді дамыту мақсатында қабылданған. Яғни перспективалы құрылыс аумақтары алдымен қажетті инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс.

Шектеу қай аумақтарға қатысты?

2035 жылға дейінгі уақытша шектеу мына аумақтарды қамтиды:өндіріс тас жолы бойындағы К-1 айналма жолының солтүстік бөлігі, Алаш тас жолы бойындағы К-1 айналма жолының солтүстік-шығыс бөлігі, «Астана – Қарағанды» автомобиль жолы бойындағы айналма жолдың шығыс бөлігі.

Әкімдік бұл шешім аталған аумақтарды дамытудан толық бас тарту дегенді білдірмейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – жүйесіз және нүктелік құрылыстың алдын алу. Аумақтар қажетті инфрақұрылыммен қамтылғаннан кейін олардың жоспарлы дамуына жағдай жасалмақ.

Сонымен бірге көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қажетті жерлерді сақтау үшін жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеулері шегінде күрделі құрылыс нысандарын орналастыруға да шектеу енгізілді.