Астананың өзінде мәселе шиеленіскен, сонда ауылдың күйі қандай? - депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдарбек Қожаназаров бүгінде өзекті болып отырған су тапшылығы мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол атап өткендей, бұл еліміздегі ауыл тұрғындарының да, ірі қалалардың да, соның ішінде астананың да өзекті мәселесі. Депутат Қожаназаров осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министр Әлихан Смайыловқа бағыттады.

Депутат атағандай, су мәселесі бойынша міндеттер мен жауапкершіліктер экология, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп министрліктері мен барлық облыс әкімдіктері арасында жеке-жеке бөлінген. Сонымен қатар олардың арасында жүйе, байланыс жоқ.

Алысқа бармай-ақ қоялық. Бас қаламыз – Астананың өзінде осы мәселе шиеленісіп, жергілікті тұрғындардың ызасын тудырып отыр. Ал ауылдың күйі қандай, сонда? Биылғы жаз аптап ыстықпен басталды. Бүгіннің өзінде еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа температурасы 48 градусқа дейін жетті. Бірқатар ауданда ылғал тапшылығы бар, ал фермерлер қуаңшылыққа байланысты сақтандыру жағдайын рәсімдеді, - деді ол.

Оның айтуына қарағанда, суармалы егіншілік те оңып тұрған жоқ. Елімізде ағынды сулардың төмендеуімен қатар, суды тасымалдау кезіндегі шығын да өсіп жатыр. Оған арықтар мен каналдардың тозуы және олардың сапасыз салынуы басты себеп.

Елдегі 100 текше метр жылдық су ағынының 56 пайызы елден тыс жерде қалыптасады. Демек су мәселесінде біз көршілерімізге тәуелдіміз, – деп атап өтті Айдарбек Қожаназаров.

Қожаназаров сарапшылардың бағалауына сүйене отырып, Қазақстанда суару үшін 7 текше метр суармалы су жетіспейтінін атап өтті. Қазсушаруашылығында осы мақсатқа жыл сайын 98 млрд теңге бөлінеді.

Ал бір ғана Түркістан облысында 300 миллиардтан астам теңгені қажет ететін жобалар кезегін күтіп отыр. Концепциялар мен жоспарлар қаржы жағынан бекітілмеген, бұл жобалар жылдап қағаз күйінде қалып кетеді. Су мәселесінде бәрін бірден шешуге болмайтыны түсінікті. Бұл жағдайда «тар өткелдерді» іздеп, ең басым міндеттерді шешу керек. Бірақ бізде су ресурстарын есепке алу, шығындарды талдау, өзекті деректерді саралаудың бірыңғай жүйесі жоқ, - деді ол.

Қожаназаровтың пікірінше, таразының бір басында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауылдық жерлерде тұратын 4,5 миллион отандасымыздың мүддесіне тікелей әсер ететін мәселе тұрғанын ұмытуға болмайды.

Мәселенің алдын алу үшін «Respublica» партиясының фракциясы мынадай ұсыныс айтты:

- цифрландыру құралдары арқылы су ресурстарының бірыңғай есебін жолға қою. Бұл туралы көп айтылады, бірақ ілгерілеу тым баяу.

- бірыңғай мемлекеттік органға су ресурстары үшін жауапкершілікті белгілеу. Су жайында деректерді иеленетін, су ресурстарын басқаратын және оларды тиімді пайдалану саясатын кемінде 30-50 жылға көздей отырып жүргізетін агенттікті құру керек.

- Аустралияның тәжірибесін негізге ала отырып, су пайдаланушыларды суды үнемді пайдалануға ынталандыру әдістерін қолдануды ұсынамыз.

- гидротехникалық құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттамасын экономикалық тиімділікке және құрылыс құнын есептеудің дұрыстығына тексеру маңызды.

Су ресурс емес, ол біздің еліміздің байлығ. Бұл ұлттық таным-түсінікке айналуы тиіс. Сонда ғана оның қадіріне жетіп, оны дұрыс пайдалану керек екенін түсінетін боламыз, – деп айтты депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы