13 Шілде 2026, 08:41 Фото: magnific.com

Астананың коммуналдық желілерін жаңғыртуға 16,2 млрд теңге бағытталады

Тиісті қаулыларға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының Астананың коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында елорданың инженерлік және энергетикалық желілерін дамытуға Үкімет резервінен 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тиісті қаулыларға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жалпы қаржының 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салу және жаңғырту жұмыстарына бағытталады. Атап айтқанда, Есіл ауданындағы тазарту құрылыстарынан Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылып, Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы арқылы Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын жаңа коллектор салынады.

Бұл жобалар 4,5 мың гектар аумақта жерүсті және дренаж суларын бұруға мүмкіндік беріп, тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі ағын суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар 7,5 млрд теңге елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады. Қаражат есебінен 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

Жаңа қосалқы станса іске қосылғаннан кейін «Есіл» және «Бәйтерек» қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Ал ЖЭО-2-дегі турбинаны жаңғырту нәтижесінде оның электр қуаты 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін ұлғайып, елорданың энергиямен қамту сенімділігі артады.