Астананың барлық мектебіне бейнебақылау камерасы қойылды
Бұл туралы Астана қаласы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Нариман Еламанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда елордада барлық білім беру ұйымдары цифрлық бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Барлық камералар мен дабыл түймелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Орнатылған камералар барлық талаптарға сәйкес келеді. Білім беру объектілерінде қауіпсіздікті 1 санаттағы лицензиясы бар, жеке күзет компаниялары жүзеге асырады. Сонымен қатар, барлық білім нысандары турникеттермен қамтамасыз етілген, - деді Нариман Еламанов.
Одан бөлек, былтырдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымына қабылдау үшін «INDIGO: Электронды балабақша» ақпараттық өнімі жұмыс істейді. Ол электронды типтік келісім-шарт негізінде қызмет көрсетеді. Яғни, мектепке дейінгі ұйымдарға тікелей байланыссыз және жылдам қабылдауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, қалада қазіргі таңда IT бағытта білім беретін 4 мектеп бар. Бұл білім ұйымдарында компьютерлік графика, видео-технология, мобильді қосымшалар дайындау, робототехника, веб-сайттар құру және 3D модельдеу, Design, web-технологиялар, электроника және мехатроника бағыттары тереңдетіліп оқытылады.
Нариман Еламановтың айтуынша, оқушылардың үлгерімін бақылау үшін барлық орта білім беру ұйымдары Kundelik.kz. автоматтандырылған электронды журналға қосылған. Ол жерде барлық мектеп ақпараты жинақталған. Яғни, бұл әдеттегі мектеп күнделігі мен мұғалімжурналының цифрлық аналогы. Мұғалімге, оқушыға және оның отбасына арналған қосымша мүмкіндіктері бар.