Астананың 25 жылдығына орай веложарыс өтті

Бүгін бұқаралық спортты насихаттау мақсатында «Жасыл белдеу» саябағында велосипедшілерге арналған жарыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Elorda.info сілтеме жасап.

Велосипедшілер Қосшыға қарай жол бойындағы айналма веложолдан 25 қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.

Жарысқа велосипеді бар кез-келген жастағы әуесқой спортшылар қатысты.

Іс-шараның ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің комитет төрағасы Жан Галиев қатысты.

Баршаңызды Астананың 25 жылдығымен құттықтаймын. Осы орайда керемет ауа райында ұйымдастырылған велошеру сіздерге керемет көңіл-күй сыйлады деп ойлаймын. Аталмыш бәсеке жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Өзім де екінші мәрте қатысып жатырмын. Алдағы уақытта тек қана велоспорт қана емес, жүзу, жүгіру т.б бұқаралық спортты үгіттейтін мерекелер көп болады сенемін. Барлықтарыңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! - деді, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.

Дода сағат 9:00-де басталып, алғашқы жеңімпаздар мәреге 35 минутта жетті.

Бала кезден спортты серік еткен 62 жастағы Елеусіз Пардабай екінші рет осы жарысқа қатысқанын айтты:

Осындай жердегі спортшылар әдемі, энергияға бай, үнемі күліп жүреді. Мен де веложарысқа қатысқанда 62 жастағы зейнеткер екенімді ұмытып кетемін. Сол себепті, баршаңызды күнделікті спортпен айналысуға шақырамын. Мүмкіндіктеріңіз болмаса, жаяу жүруге тырысыңыздар. Нәтижесінде денсаулықтарыңыз мықты болып, ауырмайтын боласыздар, - деді ол.

Бүгінгі шараның ерекшелігі – мәреге жеткендердің барлығына жеңімпаз ретінде медаль берілді. Ал 1, 2, 3 орындар анықталмады.

Жарыс аяқталғаннан кейін, мәреде тіркелген велосипедшілер арасында лоторея ойнатылып, қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзім велоклуб секциясында жаттығамын. Астана қаласында осындай турнирлердің өтуі мен секілді жасөспірімдер үшін ауадай қажет деп санаймын. Мысалы, бүгінгі жарыста топпен бірге жүруді үйреніп, бұрылыстарда дұрыс бұрылуға тәжірибе жинадым. Дегенмен, бір кемшілік ретінде «Жасыл белдеу» саябағында қарама-қарсы бағытта өзге велосипедшілер де кездесіп, қауіп тудырды. Дегенмен, барлығы сәтті өтті. Мәре сызығын кескен соң, жолым болып, лотореядан велосипед ұтып алдым. Шынынды айтсам, осыншама қатысушының арасынан велосипед маған бұйырады деп, ойламадым, - деп 13 жастағы Назар атты қатысушы өз ойымен бөлісті.

Бұл шараға жақында ғана Францияда өткен бүкіләлемдік VIRTUS ойындарында велоспорттан 4 күміс жүлде алған Дастан Ордабай мен 500-ден астам қала тұрғындары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Спорт басқармасы
Өзгелердің жаңалығы