Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары таныстырылды
Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарының жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас жоспарда келесі жобалық кезеңдер қабылданды: 1) бастапқы жыл – 2021 жылғы 1 қаңтар; 2) құрылыстың бірінші кезегі – 2025 жыл; 3) есептік мерзім – 2035 жыл.
Қала аумағының әкімшілік шекаралары шегіндегі халық саны бастапқы жылы 1 184,4 мың адам болды. Астана қаласы халқының келешектегі санының болжамы корреляциялық-регрессиялық талдау, жас қозғалысының әдістері, статистикалық экстраполяция және еңбек теңгерімі негізінде экономикалық-математикалық әдістерді пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық статикалық агенттігінің әдістемесі бойынша халықтың табиғи және көші-қон қозғалысында объективті болып жатқан өзгерістерді ескере отырып орындалды. Халықтың келешектегі саны әлеуметтік-экономикалық қызметтің барлық салаларындағы қызметке еңбекке қабілетті жастағы халықтың оңтайлы қосылуын ескере отырып, статистикалық экстраполяция әдісімен айқындалған, - делінген құжатта.
Қала халқының жобалық саны:
1) құрылыстың бірінші кезегі (2025 ж.) – 1 480 мың адам;
2) есептік мерзім (2035 ж.) - 2 275 мың адам.
Халықтың жалпы болжамды өсімі жобалау кезеңдері бойынша: құрылыстың бірінші кезегі (4 жыл) – 295,6 мың адам; есептік мерзім (10 жыл) – 795 мың адам. Еңбекке қабілетті жастағы халық есептік мерзімінің соңына қарай қала халқының 66%.
Қаланың тұрғын үй қоры қаланың барлық тұрғындарының орташа қамтамасыз етілуі бір тұрғынға шаққанда 21,1 м2 құрауы жағдайында бастапқы жылы 24 996,2 мың м2.
Осы бас жоспардағы негізгі мақсаттардың бірі тұру ыңғайлылығындағы, атап айтқанда тұрғын үй қорымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша диспропорцияны жою болып табылады. Бұл ретте есепті кезеңге арналған Бас жоспарда қалада тұрудың жайлылығын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қорымен бір адамға 30 м2 қамтамасыз ету көрсеткіші қабылданды және тұрудың осындай жайлылық деңгейіне қол жеткізу үшін тұрғын үй қорын 68 250 мың м2 дейін ұлғайту қажет. Бірінші кезеңге (2025 ж.) бір адамға тұрғын үй қорымен қамтамасыз етуді 26 м2 дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл ретте тұрғын үй қоры 37 200 мың м2, - делінген құжатта.
2021 - 2035 жылдар кезеңінде жаңа тұрғын үй құрылысының көлемі жалпы ауданы 43 580,8 мың м2, оның ішінде үй жанындағы учаскелері бар үйлерде – 1 044,3 мың м2, көп пәтерлі көп қабатты үйлерде – 43 117,5 мың м2. Тұрғын үй қорының шығуы 908 мың м2, оның ішінде 806 мың м2 жеке учаскелері бар үйлер есебінен.
Қоғамдық қызмет көрсету саласы. Бас жоспарда мемлекеттік емес қызмет көрсету нысандарын дамытумен ұштастыра отырып, халықты әлеуметтік маңызы бар объектілердің тегін қызметтерімен қамтамасыз етудің нормативтік көрсеткіштеріне қол жеткізу бағытында жаңа әлеуметтік-экономикалық және қала құрылысы жағдайларын ескере отырып, әлеуметтік саланы дамыту көзделеді.
Бас жоспарда есептік мерзімге жалпы білім беретін мекемелердегі орындар санын 257,4 мың оқушы орнына немесе бұрыннан бар 94 341 орынға 164 мектепке немесе бастапқы жылға 100 мектепке ұлғайту көзделген.
Мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту үшін есептік мерзімге мектепке дейінгі мекемелердегі орындар санын 82,7 мың орынға ұлғайту көзделген, оның ішінде мемлекеттік және жеке үлгідегі жеке тұрған балабақшаларда 64,8.
Есептік мерзімге жайлы тұруды қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты бір ауысымда 21,8 мың адам болатын амбулаториялық мекемелерді енгізу, сондай-ақ халықтың болжамды санын ескере отырып, төсек-орынның ауруханалық қорын 4265 бірлікке ұлғайту қажет.
Бірінші кезеңге (2025 ж.) денсаулық сақтау мекемесінің 27 объектісін салу көзделген, оның ішінде 8 аурухана, 13 амбулаториялық емхана, 3 оңалту орталығы (сыйымдылығы 904 орын) және 3 өзге де денсаулық сақтау объектісі, есептік мерзімге 62 денсаулық сақтау объектісі оның ішінде 3 аурухана, 53 емхана және 5 оңалту орталығы және дәрілік заттарды сараптау орталығы және зертханалары бар медициналық бұйымдар.
Экономикалық қызмет
Елордалық қалаларды, оның ішінде «жаңа (жобаланған) астаналар» деп аталатындарды стратегиялық позициялау тәжірибесін талдау стратегиялық позициялаудың негізгі бағыттарының бірі «шенеуніктер қалалары» сияқты қалалар туралы идеямен байланысты функционалдық және беделді бұрмалануды еңсеру болып табылатынын көрсетеді. Бас жоспарда қала экономикасының мынадай басым бағыттары айқындалған:
Осы үдеріс аясында қалалар үш негізгі міндет қояды:
- қаланы Қазақстан Республикасының астанасы, «сыртта» қаланың ашылуына байланысты жаһандық орталық ретінде көрсету;
- қаланың «ішке» ашылуына байланысты қала тұрғындары, оның ішінде әлеуетті мигранттар үшін тартымды, жайлы инклюзивті «өмір сүруге арналған қалаға» айналуы;
- экономика және жұмыспен қамту құрылымын әртараптандыру.
Қаланы ғылыми-инновациялық орталық ретінде дамыту
Шығармашылық салалар. IT-сектор. Астана қаласы бүгінгі күні ІТ-секторды дамыту үшін айтарлықтай әлеует жинақтап үлгерді және Орталық Азияның ІТ-астанасы рөліне үміткер қалалардың бірі ретінде орналасуы әбден мүмкін. Бұл бірнеше факторларға байланысты:
- қалада қазақстандық IT-Чемпиондар компанияларының жартысы орналасқан;
- қалада IT-университет ашылды;
- Астанада Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі – Астана Хаб жұмыс істейді;
Халықаралық ғылыми кешен өзегі бола алатын ғылыми кластерді қалыптастыру отандық ғылымның дамуын жеделдете алады. Назарбаев Университетінің оң тәжірибесі үздік шетелдік ғалымдарды тарта отырып, халықаралық деңгейдегі ғылыми-білім беру мекемелерін ұйымдастыру мүмкіндігін көрсетеді.
Қаланың өнеркәсіп аймақтарын жаңғырту
Экономиканы әртараптандыру және қалада еңбек қолдану орындарын құру мақсатында қолданыстағы өнеркәсіптік аймақ, индустриялық аймақтар шегінде өнеркәсіпті дамыту көзделген. Қалада іске асырылатын негізгі бағыттар – металлургия (аффинаж зауыты), астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тамақ өнеркәсібі, машина жасау, сондай-ақ тұрғын үй, азаматтық және өнеркәсіптік құрылысқа арналған материалдар өндірісі.
Қала құрылысын дамыту
Астана қаласын елдің ең ірі әкімшілік-саяси, ғылыми және мәдени орталығы ретінде дамытудың бас жоспары қала құрылысы аспектісінде мынадай негізгі ережелер мен шешімдер ескерілді:
Экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерді ескере отырып, қала аумағын орнықты даму бағытында дамыту;
Өмір сүруге, жұмыс істеуге, демалуға және көңіл көтеруге арналған кеңістіктер құруды ескере отырып, қаланы урбанизациялау тұжырымдамасын әзірлеу;
Жаңа жұмыс орындарын құру және инвестициялар тарту арқылы қаланың экономикалық әлеуетін дамыту;
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және мәдени өмірді дамыту арқылы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру;
Цифрлық технологиялар, зияткерлік басқару жүйелері және смарт технологиялар сияқты заманауи технологияларды дамыту;
Қаланы функционалды аймақтарға бөлу: тұрғын үй, өнеркәсіптік, коммерциялық, мәдени және т. б. әр аймақтың өзіндік мақсаты және тиісті инфрақұрылымдық объектілері бар;
Қаланың тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау және қорғау;
Көлік инфрақұрылымын дамыту: жаңа магистральдар салу, жол желісін кеңейту, жаяу жүргіншілер аймақтарын құру, жаңа көпірлер салу;
Қала тұрғындары үшін демалыс орны ғана емес, сонымен қатар қалалық ландшафттың маңызды элементі болып табылатын жасыл аймақтар мен саябақтарды сақтау мен дамытуды ескере отырып, экологиялық таза қалалық ортаны құру;
Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту: тұрғын үй салу, халықтың жайлы тұрғын үйге деген қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс жаңа шағын аудандар, орамдар мен тұрғын үй кешендерін құру;
Бизнес үшін инфрақұрылым құру: бизнесті дамыту және инвестициялар тарту үшін жағдай жасау;
Қоғамдық инфрақұрылымды дамыту: мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорт кешендері және т. б. сияқты әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа объектілерін құру, жаңа мәдени объектілерді құру: театрлар, көрме залдары, кітапханалар және т. б.; жаңа спорт объектілерін құру: спорт кешендері, бассейндер, университет және спорт мектептері және т. б.;
Туризмді дамыту: Астана қаласының бас жоспары туристік инфрақұрылым құруды және туристерді қалаға тартуды көздейді. Бұл тұрғыда мәдени және тарихи нысандарды құру маңызды элемент болып табылады.
Қаланы жобалаудың маңызды факторы тұрғындар мен туристер үшін ыңғайлы қалалық ортаны, қала тұрғындарына ыңғайлы көлік жүйесін құру болды. Ол үшін көлік пен жаяу жүргіншілерді бөлу, жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед жолдарын құру, демалыс және мәдени іс-шаралар кеңістігін құру сияқты заманауи қала құрылысы тұжырымдамалары қолданылды.
Бас жоспарда әкімшілік аудандар шекарасында 5 жоспарлау ауданы, сондай-ақ 148 жоспарлау секторы көзделген. Жоспарлау аудандарының әрқайсысында қоғамдық орталықтар құру жоспарлануда.
Оларда орналасқан аудан орталықтары бар аудандарға бөлінетін қалада аудан орталықтарын іскерлік орталықпен, өнеркәсіптік кәсіпорындармен, саябақтармен, стадиондармен, вокзалдармен байланыстыратын қосымша магистральдық көшелер пайда болады.
Кешенді қоғамдық орталықтардың жоспарлау құрамы қала құрылысы профилімен және қаланың көлемімен, жергілікті табиғи жағдайлармен және қалыптасқан жоспарлау жағдайымен анықталады.
Жоспарлау орталықтарын дамыту қала тұрғындарын бастапқы қызмет көрсету объектілерімен қамтамасыз етумен, көлік терминалдарын, саябақ аймақтары, сауда орталықтары мен спорт объектілері бар қоғамдық кеңістіктерді дамытумен және үйлесімді, жайлы орта құрумен теңестірілетін болады.Халықты қызмет көрсету және тіршілік ету объектілерімен қамтамасыз ету үшін қала әрқайсысында 10 мыңға жуық халқы бар 148 жоспарлау секторына бөлінетін болады. Жоспарлау секторы - бұл бірнеше тұрғын аудандардан тұратын ірі қалалық аумақ.
Жоспарлау секторының қағидалары:
- жалпы білім беретін мектептердің, бақтардың жаяу жүргіншілерге қолжетімділігі, балалардың көлік қозғалысы қарқынды жалпықалалық магистральдарды кесіп өтуіне жол бермеу;
- қала тұрғындарын (оның ішінде балаларды, қарттарды және халықтың аз қозғалатын топтарын) жаяу жүргіншілерге қауіпсіз қолжетімділік радиусында қызмет көрсету мекемелерімен қамтамасыз ету.
Негізінде, бұл бәріне таныс, бірақ іріленген және қазіргі өмір сүру жағдайларына бейімделген шағын аудандар.
Бұл іс-шаралар қаланы барлық жоспарлау секторларында тұруға қолайлы етуге мүмкіндік береді.
Құжат Еgov.kz. сайтында орналастырылған.