«Астананы» жеңуге шамамыз жетеді - Зоран Тошич
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең Еуропа лигасы аясында елордада «Астана» мен Сербияның «Партизан» клубтары кездеседі. Осы ойынның алдында өткен баспасөз мәжілісінде «Партизан» жартылай қорғаушысы Зоран Тошич тілшілердің сауалына жауап берді.
«Бізді өте мықты қарсылас күтіп тұр деп ойлаймын. «Астана» өз алаңында жақсы ойнайды. Біздің команда бұл ойынға сақадай-сай. Сондықтан жақсы нәтижеге қол жеткізетінімізге сенімдімін», - дейді Зоран Тошич.
- «Манчестер Юнайтедті» қоспағанда топтағы қалған үш команданың деңгейі бірдей дегенге келісесіз бе?
- МЮ - топтың фавориті. Бірақ «Астананың» ойынына қарасаң, олар негізінен бар күшті ішкі чемпионатқа салып жатқан сияқты. Енді ертең көп нәрсе шешіледі.
- «Астана» үшін жасанды алаң басымдық береді ме?
- Табиғи және жасанды алаңның айырмашылығы көп емес. Бізге бәрі түсінікті. Бір ай бұрын «Мольде» командасымен Норвегияда жасанды алаңда ойнағанбыз.
-Егер, ертең гол соқсаңыз, ЦСКА жанкүйерлеріне жейдеңізді тарту ете аласыз ба?
- Ертең гол соғып, трибунада ЦСКА жанкүйері болса, міндетті түрде келіп, оған өз қолыммен жейдемді табыстаймын.
Айта кетейік, Еуропа лигасының топтық кезеңінің екінші турының аясыда «Астана» мен «Партизан» арасындағы ойын ертең яғни 3 қазанда өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 20: 50-де басталады.