Астаналықтарға қамқорлық көрсеткен сарбаз 10 күн демалысқа шықты
Ұландық сарбаз ерекше қамқорлығымен көзге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаз, қатардағы Аңсар Жантас Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті кезінде қала көшелерінің бірінде қызметте жүріп, халыққа қол ұшын созған. Тайғақ жерде азаматтардың құлап қалмауы, жарақаттанбауы үшін ол әрқайсысына көмектесіп тұрған.
Саммит кезінде күшейтілген режимде қызмет атқардық. Сол кезде балалар, қарт кісілердің тайғақ жерден әрең өтіп жатқандарын байқап қалдым. Әсіресе балалар, әйел кісілер мен қарт кісілерді қолдау артық болмас дедім. Екі күн қатарынан сол жерде қызметте тұрып, тұрғындарға көмектестім. Менің орнымда болған әр азамат дәл осылай жасайтын еді деп ойлаймын, - деді Аңсар Жантас.
Осылайша екі күн қызметінде шамамен 300-дей азаматқа көмегін тигізген сарбаз әлеуметтік желіде жұлдызға айналды.
Халықтың ерекше ілтипатына бөленген сарбазға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков 10 күн демалыс берілгенін жариялады. Бүгін Аңсар Павлодар қаласына аттанып, жақындарының қасында.