Астаналықтарға 1 мыңнан аса азық-түлік себеті таратылды
Құрбан айт мейрамына орай Астанада дәстүр бойынша көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері тапсырылып жатыр, деп хабарлады BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл ауқымды іс-шараны қала әкімдігі мен демеуші болған Qazaq Oil компаниясы «Игі істер марафоны» аясында өткізіп жатыр.
Бүгін мыңға жуық себет әлеуметтік жағынан осал отбасыларға таратылып жатыр. Олар – көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Қораптың салмағы – 45 келі. Азық-түлік себетінде күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бар. Атап айтсақ, күнбағыс майы, қант, ұн, сүт және т.б. Осындай қайырымдылық іс-шарасына атсалысқаны үшін компанияға алғысымызды білдіреміз. Сонымен қоса, өзге де бизнес өкілдерін игі іске қатысуға шақырамыз, - деді Астана қаласы әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.
Ал «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері азық-түлік себеттерін мұқтаж жандардың үйлеріне дейін жеткізіп береді. Себеттердің бірі астаналық көпбалалы ана Жанагүл Қарасаеваға табысталды. Ол осындай көмек көрсеткені үшін ұйымдастырушыларға шексіз алғысын білдірді.
Алғысымды білдіргім келеді. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандарыңызға рақмет. Барша қазақстандықты Құрбан Айт мерекесімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық тілеймін!, - деді көпбалалы ана.
Мұндай акция Астанада жыл соңына дейін ұйымдастырылады.