Астаналықтар запасқа шығарылған теңізшілерді салтанатпен қарсы алды

Елорданың теміржол вокзалында Әскери-теңіз күштері қатарында мерзімді қызметін өтеп оралған қырық матросты құрметпен күтіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Перронда Қорғаныс министрлігі мен қалалық әкімдік өкілдерінің, Қарулы күштердің және Ауған соғысы ардагерлерінің, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің, сондай-ақ матростардың ата-аналарының қатысуымен салтанатты митинг өтті.

Бүгін біз салтанатты жағдайда қарсы алып отырған матростардың бәрі әскер деген өмір мектебінен өтіп, шынығып, шыңдалып келді. Олардың бәрі әр түрлі қару-жарақтан атуды үйренді. Жауынгерлік кемелердің жорығына қатысып, Әзербайжан, Иран, Ресей порттарында болды, – деп атап өтті Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.

«Қарулы күштердің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов теңізшілерді үйлеріне оралуымен құттықтап, азаматтық өмірге бейімделіп, болашақтарына дұрыс бағдар жасай білуіне тілектестік білдірді.

Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Әскери тәртіпке бейімделіп, төзімді болуды үйрендік. Көптеген достар таптым. Әскер жастарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Келісімшарт бойынша қызметті жалғастыруға немесе ҰБТ тапсырмай жоғары білім алуға болады. Әркімнің жүрек қалауы шешеді. Мен әскери сала бойынша оқып, офицер болғым келеді, – деді запастағы матрос Айболат Аманкелді.

Запасқа шығарылған әскери қызметшілерді күтіп алу Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі орындаған шерумен өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы