Астаналықтар 2035 жылға дейінгі Бас жоспардың жаңартылған жобасын қолдады
Астанада 2035 жылға дейінгі Бас жоспардың жаңартылған жобасын қоғамдық талқылау өтті. Бұл шара қатысушылар саны бойынша елорданың қала құрылысы тарихындағы ең ауқымдысы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Талқылауға 1325 адам тіркеліп, олардың 901-і (яғни 68%-ы) жаңартылған жобаны қолдаған. 176 тұрғын қарсы дауыс берді. Дауыс беру ашық форматта өтті, ал нәтижелері көрсетілген ресми хаттама Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланды.
14–18 шілде аралығында тұрғындар Бас жоспар жобасымен көрме залдарында танысты. «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ мамандары келушілерге кеңес беріп, ұсыныстар қабылдады. Қоғамдық талқылаудың негізгі күні — 22 шілдеде — қатысушылар санына байланысты қосымша бөлмелер мен экрандар ұйымдастырылды. Іс-шара басқарманың Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.
Бас жоспардың басым бағыттары:
- 138 мектеп, 190 жеке балабақша және 17 оқушылар сарайын салу;
- 231 км жедел қоғамдық көлік желісін іске қосу және жолаушылар ағынын 71%-ға дейін арттыру;
- 750 аула мен қоғамдық кеңістікті жаңарту, соның ішінде «Мыңжылдық» желілік паркі мен «Green Line» бульвары;
- Жасыл желек көлемін бір тұрғынға 14-тен 19 м²-ге дейін ұлғайту;
- Жауын-шашын кәріз жүйесін жетілдіру үшін 7 тазарту кешенін салу.
Жоспар аясында энергетика, медицина, IT, туризм және ауыл шаруашылығы сынды салаларда 125-тен астам инвестициялық бастама іске асырылады. Бұл шамамен 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңартылған Бас жоспар елорданың инвестициялық тартымдылығын арттырып, заманауи әрі қолжетімді әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.