Астаналық жасөспірім «Балалар жаңа толқыны» байқауында бақ сынайды
Жақын күндері еліміздің атынан «Балалар жаңа толқыны» байқауына елордадағы №66 мектептің 7А сынып оқушысы Айғаным Амантай аттанады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Аялаған Астана» конкурсының жеңімпазы атанған Айғаным «Балалар жаңа толқыны» конкурсының финалына еліміздің атынан жолдама алды.
Осы сайыстың жеңімпазы ретінде Айғаным Артекке баратын жолдама иесі де атанды. Жеңімпазды ресейлік және қазақстандық әділ қазылар алқасы таңдап алды. Жюриде Ресейден «Новая волна» бас директоры Александр Румянцев, «Аялаған Астана» жобасының директоры Лина Арифулина, Қазақстаннан Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова, Бейбіт Қорған қазылық етті, - дейді Айғанымның анасы Мөлдір Нағызханқызы.
«Балалар жаңа толқыны» байқауының ережесі бойынша әр елден келген жас әншілер әлемдік хит әндерді орындап, ел намысын қорғайды.
Айғаным Айбекқызы ағылшын әншісі Beyonse - нің Unstoppable әнін орындайды.
Әнді 4 жасынан айтып жүр. Алғаш рет Айғаным бес жасында Түркия елінде өткен халықаралық конкурсқа қатысып гран при жеңіп алған еді. Әнге деген қабілетін кішкентайынан байқағандықтан осы бағытта біраз сабақ алып, дамыттық. Айғанымның нағашы әжесі мен апалары әнге жақын жандар, Айғанымға да сол қасиет берілген секілді, - дейді анасы.
Жас әншінің арманы асқақ. Димаш Құдайберген секілді елімізді өнерімен әлемге танытсам деген бала арманы бар. Оқу озаты, қаладағы №2 өнер мектебінің вокал, фортепиано бөлімінің оқушысы, әрі Алтын микрофон-2022»-лауреаты, «Junior Eurovision»»-2021 –финалисті, «Аялаған Астана-2021» - гран при жүлдегері атанған Айғанымға сәт-сапар серік болсын.