Астаналық полицейлер ірі көлемде есірткі сатушыларды қолға түсірді

Астаналық полицейлер ірі көлемде есірткі сатушыларды қолға түсірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордалық полицейлер “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сатумен айналысқан 38, 33 және 30 жастағы Жамбыл облысының үш тұрғынын анықтады. Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі сатушылар тобы тұрған пәтерді тінту барысында есірткі өсімдік тектес сұр-жасыл заты бар лентаға оралған полиэтилен пакеттерін тапқан.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 5 келі, 150 грамм болатын гашиш екені расталды. Тергеу барысында ұсталғандар кінәсін мойындап, Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі сатушылардың бірі осыған ұқсас қылмысты жасағаны үшін бұрын да бірнеше рет сотталғаны белгілі болған.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшылары заңға сәйкес, аса ірі мөлшерде есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу немесе өткізу мақсатында заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемденіп, сақтағаны үшін 6 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы