Астаналық полицейлер автобуста қалта ұрысын ұстады
Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері қоғамдық көлікте қалта ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады BAQ.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ол еш жерде жұмыс істемейтін 25 жастағы ер адам болып шықты.
Қалта ұрысы өзінің құрбанын адам көп жиналатын автобустарда немесе аялдамаларда іздеген, онда әдетте көптеген адамдар өз көлігін күтіп тұрады. Ұры адам толы қоғамдық көлікке мініп, көпшілік ортасында қыздың қалтасынан ұялы телефонын ұрлап алған. Ұсталған азамат кінәсін мойындады.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қала аумағында бұрын жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан қалта ұрыларының құрбаны болмас үшін қырағы болуды сұраймыз. Адамдар көп жиналатын жерлерде болған кезде жеке заттарыңызды мұқият қадағалаңыз, қолжетімді жерлерде бағалы заттарды алып жүрмеңіз, ақшаны киімнің ішкі қалтасында ұстаған жөн, – дейді Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дастан Қалиев.