Астаналық оқушыларға заң бұзудың салдары кино арқылы түсіндірілді
Фильм Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген.
Астана қаласындағы №29 орта мектепте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Хулиганка» қысқаметражды фильмі көрсетілді. Бұл туралы BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы тәртіп мәселесін, буллинг пен агрессияның себеп-салдарын ашық талқылау, қоғамдағы стереотиптердің оқушы мінез-құлқына әсерін түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру. Фильм Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген.
Көрсетілімге құқық қорғау органдарының өкілдері, мектеп әкімшілігі, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысты.
Фильмде қоғам «бұзақы» деп қабылдайтын жасөспірімнің ішкі жан дүниесі ашылады. Агрессивті әрекеттердің астарында қорқыныш, қысым, өзін дәлелдеуге деген ұмтылыс және әлеуметтік ортаның ықпалы жатқандығы көрсетіледі.
Көрсетілімнен кейін оқушылармен арнайы киноталдау ұйымдастырылып, «Көремін – Ойланамын – Әрекет етемін» әдісі арқылы фильм кезең-кезеңімен талқыланды. Оқушылар буллингтің түрлерін атап, оның тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр зардап әкелетінін айтты. Топтық жұмыс барысында агрессияның себептері, қысымның көріністері және қолдау тетіктері талданды.
Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» Тәрбие жұмысы бойынша координация және үйлестіру бөлімінің басшысы Эльвира Ибраеваның айтуынша, мұндай жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
«Қазіргі таңда бала тәрбиесі бәрінен маңызды. Жасөспірімдер арасында қылмыстың өршуі, есірткі қылмысына шатысуы жүйелі түсіндіру жұмыстарының қажеттігін көрсетеді. Бұл туынды арқылы балалар қылмысты жолдың дұрыс емес екенін және әр әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсінеді», – деді ол.
Талқылау барысында оқушыларға заң талаптары да түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі бойынша:
- 106-бап – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру;
- 107 және 108-баптар – орташа және жеңіл зиян келтіру;
- 131-бап – қорлау;
- 293-бап – бұзақылық үшін жауапкершілікті көздейді.
Кейбір қылмыстар үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайтыны атап өтілді. Оқушыларға заңды білу – өз құқығын қорғаудың және құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі жолы екені түсіндірілді.