Астаналық оқушылар енді қалдықтарды сұрыптап тастайтын болады
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жасыл даму» АҚ ESE ұйымымен бірлесіп, Астана қаласынының мектептеріне қалдықты сұрыптап тастауға арналған контейнерлерді орнату жобасын қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ
«Жасыл даму» АҚ баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жоба аясында қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды үшке бөліп (шыны, қағаз, пластик) тастайтын арнайы контейнерлер мектеп ішіне орнатылды.
Оқушылар қалдықты кәдеге жарату мәдениетін білім ордасында дағдыланып, үйде де, көшеде де тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға қалыптасады.
Пилоттық жоба шеңберінде №17 мектеп гимназиясына, Назарбаев интелектуалдық мектебі мен республикалық физика-математикалық мектеп ғимаратына арнайы контейнерлер қойылды.
«Жасыл даму» АҚ-ның қалдықты басқару департаментінің мамандары мектеп оқушыларына тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастаудың маңыздылығын түсіндірді.
Бөліп сұрыпталған пластик, шыны, қағаз қалдықтары қайта өңдеуге, одан жаңа зат жасауға ыңғайлы болатыны туралы жас жеткіншектерге арнайы танымдық сабақтар өткізді. Әдістемелік құрал ретінде танымдық видео нұсқаулық көрсетіліп, жоғарғы сынып оқушылары үшін қалдықтың экология мен экономикалық маңызы туралы ақпарат берілді.
Естеріңізге саламыз, Астана қаласында қалдықты бөліп тастау жобасы 2017 жылдың маусым айында енгізілген болатын. Бүгінгі таңда елордадағы барлық аулаларда қалдықты екіге бөліп тастауға (өңделетін және өңделмейтін) арналған сары және жасыл түсті контейнерлер орнатылған.