Астаналық оқушылар елге алғысын білдірді

Астана қаласы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында Геральдикалық зерттеулер орталығының  ұйымдастыруымен елге, туға алғыс айту іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Фариза Онғарсынова атындағы №77 орта мектепте "Туға алғыс" шарасын өткіздік. Оқушылардың мемлекеттік рәміздерге деген ерекше ықыласын көрдік. Қолындағы жалаушасын желбіретіп, қайта-қайта сүйіп отырған бүлдіршінді көріп «Қазақ елінің болашағы бар екен» деген ойға келдім. Міне, нағыз патриоттар! Кемел елдің келешегі осылар,- дейді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұмаұлы.

Тәрбие тал бесіктен деген, балаға біліммен қатар тәрбие беру де аса маңызды. Сондықтан осындай іс-шаралардың мектеп қабырғасында жиі өтіп тұрғаны, балаларды отансүйгіштікке, рәміздеріміздің қадір-қасиетін түсінуге баулығаны аса қуантарлық іс, - деді Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Меңдібайұлы.

Геральдикалық зерттеулер орталығы 15 ақпаннан бастап №77 мектеп-гимназиясының оқушыларының қатысуымен әлеуметтік желідегі парақша арқылы рәміздерді насихаттауға арналған видео-роликтер жарысын өткізген болатын. Мектепте ұйымдастырылған бүгінгі іс-шара осы конкурстың қорытындысы ретінде жүзеге асты. 

Конкурс жеңімпаздарын әлеуметтік желідегі пікірлерді негізге ала отырып, Геральдикалық зерттеулер орталығының қызметкерлері анықтады. Нәтижесінде төртінші сынып оқушылары Бауыржан Айлина бірінші орын, Асанұлы Абылай мен Өрехан Нұрахмет екінші орын, Досмағамбет Даниял, Жұмабеков Бекнұр, Жексенбаева Мәриям үшінші орындарды иеленді. Басқа қатысушылар мен ұйымдастыруға атсалысқан ұстаздар Алғыс хатпен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Геральдикалық зерттеулер орталығының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы