Астаналық оқушылар дауысын жоғалтқан адамдарға ерекше құрылғы ойлап тапты

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары дауысынан айырылған адамдарға қайтадан табиғи сөйлеу мүмкіндігін беретін ерекше құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба VoiceX деп аталады.

Қазіргі қолданыстағы аппараттар әдетте жасанды әрі механикалық дыбыс шығарады. Ал жаңа құрылғы көмейде пайда болатын микродірілдерді жазып алып, оларды адамның өз дауысына тән тембр, интонация және эмоциялық реңкті сақтай отырып қайта қалыптастырады. Соның нәтижесінде сөйлеу барынша шынайы естіледі.

Идеяны жүзеге асыру үшін оқушылар арнайы сенсорлар мен интеллектуалды жүйені қолданған. Құрылғы адамның сөйлеуге талпынған сәтіндегі микродірілдер мен шуды тіркеп, ESP-32 контроллері арқылы өңдейді. Алынған сигнал шағын вибромоторларға беріледі. Бұл мойынға бекітілетін жүйе арқылы айналадағы адамдарға динамиксіз-ақ табиғи дауысты жеткізуге мүмкіндік береді.

Дауыс – адамның болмысының маңызды бөлігі. Одан айырылу тек медициналық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр сынақ. Біздің жобамыз адамдарға қайта сөйлеу қуанышын сыйлауды мақсат етеді, – дейді жоба бастамашысы Айзере.

Жобаның авторлары – Бекжан Бақыт, Ажар Мырзабек, Жания Серік және Айзере Сәрсенбек. Олар VoiceX құрылғысын Астана медицина университетінде сынақтан өткізіп, оң нәтиже алған. Қазіргі таңда команда Solve For Tomorrow 2025 (Samsung) және Diamond Challenge 2025 (Startups) халықаралық байқауларының жартылай финалына шыққан. Сондай-ақ жобаға Стэнфорд пен Оңтүстік Калифорния университеттерінің профессорлары оң баға берген.

Статистикаға сүйенсек, әлем халқының 20 пайыздан астамы түрлі дауыс бұзылыстарына ұшырайды. Бұл құрылғы сол адамдардың өмірін жеңілдетіп, оқшауланудан арылуына, психологиялық күйзелістен шығуына көмектесе алады.

Жоба авторлары VoiceX тек мектептегі тапсырмадан туған идея емес, шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін өзгертетін әлеуметтік инновацияға айналатынын дәлелдей түсті.

Қазір оқушылар құрылғыны жетілдіру бағытында мамандармен бірге жұмыс істеп, жаңа серіктестер іздеуде. Олар жасаған VoiceX қазірдің өзінде үміттің символына айналып, білім мен ізгіліктің инновациялық жаңалыққа ұласатынын көрсетіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы