Астаналық оқушы Ереванда өткен ән байқауында жеңімпаз атанды
Арменияның Ереван қаласында өткен "Golden Voices-2023" халықаралық жас таланттар байқауында Астана қаласының Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп лицейінің 8 А сынып оқушысы Айғаным Амантай "Super Grand Prix" бас жүлдесін ұтып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байқауға Армения, Польша, Италия, Латвия, Литва, Болгария, Грузия елдерінен жас әншілер қатысты.
Айғаным байқауда эстрадалық вокал жанры бойынша екі ән орындады. Бірінші әнін ана тілінде айтты, ол Медет Салықовтың - "Жұмақ мекен" әні болса, екіншісі әлемдік хитке айналған ағылшын тіліндегі "Listen" әні.
Әр елден келген 10 әділ қазы мүшелерінің шешімімен өз категориямда “Super Grand Prix” бас жүлдесі маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Қоржынымда - жаңа ел, жаңа байқау, жаңа достар және керемет тәжірибе. Қуанышымда шек жоқ. Қатысушылардың бәрі мықты, әрі талантты болды. Жалпы Армения елі вокал жағынан мықты екеніне көзім жетті, - дейді Айғаным Амантай.
Айғаным Астанадағы №2 өнер мектебінде эстрадалық вокал сыныбында да оқиды. Айғанымның анасы бұл конкурс осы жылы қатысқан халықаралық байқаулардың 7-шісі екенін айтады.
Барлық халықаралық ән байқауларында жүлделі орындарға ие болдық. Қызымыздың әнге деген ықыласы ерекше болғасын оны шамамыз келгенше қолдаймыз деп шештік. Әр байқау сайын "Қазақ еліне +1 жеңіс" деп қуанамыз. Айғанымға үнемі қолдау көрсетіп жүретін ҚР "Мәдениет қайраткері", "Славянский базар в Витебске" Халықаралық өнер фестивалінің Қазақстандағы ресми өкілі, Халықаралық конкурстар мен фестивальдар ассоциациясының мүшесі Қарлығаш Әбдікәрімова. Көптеген жас таланттарды қолдап жүрген осы кісіге алғысымыз шексіз - дейді Мөлдір Нағызхан.
Ал Айғаным болса Армения елінің қонайжайлылығы біздікіне ұқсас екенін жасырмады.
Ол жақта, "Новая волна" конкурсында достасқан армениялық, грузиялық достарым қарсы алды. Конкурстан кейін бірге қалаға экскурсия жасап, өз елдерінің ұлттық мейрамханаларына апарып, ұлттық тамақтарымен таныстырды. Ереван тауда орналасқан әдемі қала екен, өзі кішкентай болса да, табиғаты тамаша, тау, қырды жағалай орналасқан үйлер және орталық алаңы да өте таза, әдемі екен. Ерекше көзге түскені-көшеде жиі кездесетін ауыз су бұрқақтары, кез келген көшеде кетіп бара жатқан адам су бұрқағынан су ішіп кете береді. Ол елде табиғи су тазалығы жоғары екен, - деп бөлісті әсерімен Айғаным.