Астаналық Айғаным Амантай танымал ән байқауында лауреат атанды
Осыдан екі апта бұрын Ресейде өтетін «Балалар жаңа толқыны» халықаралық ән байқауына Астана қаласының №66 мектеп-лицейі оқушысы Айғаным Амантай аттанған еді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Аялаған Астана» конкурсының жеңімпазы атанған Айғаным «Балалар жаңа толқыны» конкурсының финалына еліміздің атынан жолдаманы жеңіп алды.
Сайыс Ресейдегі Артек-Арена сахнасында өтті.
Ресейдегі «Артек-Арена» сахнасында төрт жарым мың көрермен алдында Қазақстан атынан жалғыз өзі шыққанда өте толқиды екенсің. Халық қошемет көрсеткенде көз жасымды жасыра алмадым. Ол жақтағы Айғанымның фанаттары қолдан жасаған сыйлықтарын ұсынып, ақ тілектерін жаудыртты. Үлкен плакат жасап «Айғаным, біз сені жақсы көреміз» деп қолдау көрсеткені біз үшін кубоктан да артық болды десем өтірік емес-ау. Конкурс бітіп қоштасар сәтте достары "Айғаным тағы ән айтып жіберші" деп сұрағанда еріксіз көңілің босайды екен, - дейді Айғанымның анасы Мөлдір Нағызханқызы.
Сайыста Айғаным «Ұмытылмас күн» деген Димаш Құдайбергеннің әнін орындады.
Қазақтардың дауысы керемет қой деп қолдау көрсеткенде марқайып қалады екенсің. Димаш Құдайберген ағамыз бен Ержан Максимді мұнда білмейтін адам жоқ секілді. Осындай деңгейдегі сайысқа қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Конкурстың ұйымдастырылуы, өтуі, біздің Артек лагерінде өткен бірнеше күніміз бәрі-бәрі өте жоғары деңгейде өтті. Керемет шоудың ортасында жүрдік. Іріктеуден өткен 11 сайыскер әнші арасында болуым мен үшін үлкен бақыт, жетістік. Барлық қатысушы бір-бірімен достасып, қимай қоштастық. Болашақта әрқайсы өзінің елінің атын асқақтатар мықты вокалист әнші болатынына сенімдімін. - дейді лауреат атанған Айғаным Амантай.
Артекте өтетін «Балалар жаңа толқыны» халықаралық байқауы Ресейде осымен 12 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Байқауда жас әншілер танымал әндерді орындайды. Артек-Арена сахнасында жыл сайын жас әншілердің вокалдық қабілетін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды. Қазылар алқасының құрамына танымал әншілер кіреді.
Астаналық жасөспірімнің халықаралық ән байқауына аттанып бара жатқанын осыған дейін жазған едік.