Кеше 2026, 13:03 Фото: BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Астананың 1,8 триллион теңге бюджеті қалай жұмсалады?

Елорданың бюджеті 1,8 трлн теңге.

Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осыған байланысты Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жаңа заң қабылданғаннан кейін Астана бюджеті өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Астана қаласының бюджеті 1,8 трлн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер көлемі – 500 млрд теңге. Ал қаланың өз кірісі 1,2 трлн теңге болды. Бұл – 2025 жылдың қорытындысы, – деді Омарбеков Үкіметтегі брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін елорда бюджетінің көлемін ұлғайту немесе қысқарту жоспарда жоқ.

Қаланың ұзақмерзімді және қысқамерзімді стратегиялық құжаттары бар. Астана сол жоспарлар аясында дамуын жалғастырады, – деді ол.

Айта кетейік, 1 шілдеде Астана өзгеріп, оған жаңа мәртебе беріледі.