Астанаға келетін Дженнифер Лопес қанша пайда табады?
1 тамызда елордада әлемге әйгілі поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопестің концерті өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауқымды жоба толықтай коммерциялық негізде ұйымдастырылуда. Концерттің басты ерекшелігі – Астананың әлемдік деңгейдегі "А" санатындағы жұлдыздардың гастрольдік картасына ресми түрде енуі. Бұл туралы Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерт билеттері бір мезгілде төрт елде – Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда сатылымға шығарылады. Сонымен қатар, басқа елдердің тұрғындары үшін арнайы турпакеттер де әзірленеді.
Күтіліп отырған нәтижелердің қатарында:
15 000-нан астам шетелдік туристің келуі;
Қонақүйлер, мейрамханалар, көлік және бөлшек сауда салаларынан 6,5 млрд теңге көлемінде пайда;
Мемлекет қазынасына концерттен тікелей 400 млн теңге салық түсімі.
Мәлік Хасеновтің айтуынша, оқиғалық туризм – жай ғана ойын-сауық емес, бұл – қуатты экономикалық құрал әрі инвестициялық магнит. Қазақстанның бұл салада өңірлік көшбасшы болуына барлық алғышарттар бар.
“А” санатындағы алғашқы коммерциялық концерттің нәтижесі бойынша, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, оқиғалық туризмді дамытуға арналған стратегиялық жоспар әзірленеді. Алдағы үш жылда осындай он шақты концерт өткізу көзделіп отыр.
Ашық деректерге сүйенсек, әлемдік деңгейдегі “А” санатындағы әртістердің гонорары орта есеппен 1,5 – 3 миллион АҚШ доллары аралығында болады.
Дженнифер Лопес сияқты шоу мен хореографияға ерекше мән беретін әртіс үшін бұл сома 3-5 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.