«Астанаға блок-бекет қойыңдар»: Еңбекмині депутаттың ұсынысына пікір білдірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев «Астанаға блок-бекет қою керек» деп ұсыныс айтқан мәслихат депутатының пікіріне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

25 қаңтарда Астана мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин елорданың кіреберісіне бақылау-өткізу бекетін орнатуды ұсынып, бас қалаға кіру шарттарын қатаңдатуды ұсынған еді.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Асқарбек Ертаев осыған қатысты ойын айтты.

Бақыланбайтын көші-қон ағыны бар деген мәселе жоқ. Астанаға келген барлық еңбек мигранты квота бойынша реттеледі. Кеше белгілі бір квота бар екені талқыланбаған сияқты. Сонымен қатар, ол жыл сайын төмендетіліп отырады. Соңғы бес жылда біз Астанаға келетін мигранттардың санын азайтып келеміз. Бұл ішкі нарықты қорғау үшін жасалады. Сондай-ақ қандай да бір қосымша шектеулер енгізу қажеттігін көріп тұрған жоқпын. Азаматтарымыз Астанаға келіп жұмыс істей алады, - деп түсіндірді комитет басшысы.

Оның айтуынша, елордаға ішкі мигранттар көбіне құрылыс саласында жұмыс істеуге келеді.

Қазақстан бойынша мұндай, дәлірек айтқанда сәулетшіден плитка орнатушыға дейінгі бос жұмыс орындарының саны 10 мыңнан асады. Мысалы, құрылысшы – Астана бойынша 73 бос жұмыс орны, бетоншы – 12 бос жұмыс орны, тас қалаушы - 9 және т.б. Кез келген адам электронды еңбек биржасында осы бос орынды таңдай алады. Егер ол жұмыс берушінің талабына сәйкес келсе, онда келіп, жұмыс істей алады. Азаматтарымызға ешқандай шектеулер жоқ, - деп айтты Ертаев ОКҚ-да.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы