Астанадан шығатын барлық бағыттағы жол жабылды: құтқарушылар тұрғындарға үндеу жасады
Елордалықтарға алыс сапарлардан және ұзақ жаяу жүруден бас тарту ұсынылды.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Астана қаласынан шығатын республикалық маңызы бар автожолдар барлық бағытта және барлық көлік түрлері үшін жабылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Құтқарушылар тұрғындар мен қала қонақтарын қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды:
дауылды ескертулер мен жедел ақпараттарды қадағалау;
ауа райы нашарлаған кезде алыс жолға шықпау;
қатты аяз, боран және көріну нашарлаған жағдайда ұзақ жаяу жүрмеу.
"Қазгидромет" мәліметінше, 12 наурызда Астанада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі, қар жауады. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с, екпіні 23–28 м/с-қа дейін, кей уақытта 30 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Түнде ауа температурасы –15…–17°C, күндіз –3…–5°C болады.
Бұған дейін қатты жел салдарынан Жеңіс даңғылындағы "Айка" тұрғын үй кешені қасбетінің бір бөлігі құлағаны хабарланған.
Сонымен қатар бірінші ауысымдағы мектеп оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттері қашықтан оқуға жіберілді.