Астанадан бір тәулікте 20 мың текше метр қар шығарылды

Астанада қардың қалың түсуіне байланысты коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген, тәулік бойғы режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қала әкімдігінің ресми мәліметінше, қар жинау және шығару жұмыстарына күн сайын мыңдаған қызметкер мен арнайы техника тартылуда.

12 желтоқсан күні ғана коммуналдық қызметтер 1634 рейс орындап, қала аумағынан 20 мың текше метрден астам қар шығарған.

13 желтоқсанға қараған түні көшелерді тазалауға 413 жол жұмысшысы, 972 арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс маусымы басталғалы бері елордадан 481 449 текше метр қар шығарылып, ол үшін 37 749 жүк көлігі рейсі ұйымдастырылған.

Әкімдік мәліметінше, қар тазалау жұмыстары ең алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттарында жүргізіледі. Бұдан кейін жұмыстар аулаларда, көшелердің қозғалысы орташа бөліктерінде, тротуарлар мен аялдамаларда жалғасады.

Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарды ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, жолда өте мұқият болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қажет болмаса ұзақ сапарға шықпауға шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы