Астанадағы жәрмеңкеге үш облыстың шаруалары өз өнімдерін әкелді

Астанада өңірлерден келген тауар өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымы басталды. Олар әр демалыс күндері 27 қазанға дейін өтеді. Елордаға өз өнімдерін бірінші болып Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының аграршылары әкелді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкелер 21 қыркүйек пен 27 қазан аралығында демалыс күндері өтеді.

Жәрмеңке маусымын Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері ашты. Олар түрлі өнімдер әкелді, жәрмеңке қонақтары ет, балық, сүт, азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ жаңа піскен көкөністер мен жемістерді сатып ала алады, – деді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев.

Жәрмеңке ұйымдастырушыларының айтуынша, мұнда өнімдерді сауда дүкендеріне қарағанда арзанырақ сатып алуға болады, өйткені сөредегі өнімдер тікелей тауар өндірушілерден ұсынылады.

Елордалық жәрмеңкедегі ассортимент алуан түрлі. Мұнда бал, жемістер, көкөністер, балық, ет және сүт өнімдерін сатып алуға болады.

Жамбыл облысы Меркі ауданының омарташысы Андрей Иванников елордадағы жәрмеңкеде алғаш рет келіп тұрған жоқ.

Елордалық жәрмеңкеде 6 жылдан астам уақыт бойы бал сатып алған клиенттеріміз бар, өйткені олар біздің өнімдеріміздің сапасы туралы біледі. Меркі балы – табиғи, таза, ешқандай қоспасыз, денсаулыққа пайдалы, – дейді Андрей Иванников.

Жалпы, Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жәрмеңкеге 125 тонна ет және ет өнімдерін, 250 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 26 тонна сүт өнімдерін, 22 тонна балық, 26 мың дана жұмыртқа, 2 тонна нан-тоқаш өнімдерін және 60 тонна басқа да азық-түлік өнімдерін әкелді. Оларды нарықтық бағадан 10-15% төмен арзан сататын болады.

Жәрмеңкеге Жамбыл облысынан Әміре Берікжан иісі мұрын жаратын жеміс әкелді.

Біз жәрмеңкеге алғаш рет келіп, бақшамыздан алма әкелдік. Жемістеріміз астаналықтарға ұнайды деп үміттенеміз, өйткені алма өте шырынды, дәмді және ұзақ уақыт бойы бұзылмайды, – деді Әміре.

Сатып алушылар жәрмеңкеге жиі келетіндерін айтады, өйткені мұнда қажет нәрсенің бәрін бірден сатып алуға болады. Мұнда келушілерге арналған концерттік бағдарлама да бар.

Біз жыл сайын күзгі жәрмеңкелерге келеміз. Өнімдердің көптігі қуантады. Менің ойымша, бағалары да қолайлы. Бұл жәрмеңкеде арзан әрі дәмді өнімдер алуға болады, – дейді елорда тұрғыны Марат Салиев.

Айта кетейік, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы