22 Қазан 2026, 07:49 Фото: BAQ.KZ архиві

Астанадағы жәрмеңкеде мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі сатылады

Жәрмеңкеге екі өңірден 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпорын қатысады.

24-25 қазанда Астанадағы «Қазанат» ипподромында Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда Қарағанды және Қостанай облыстарының өндірушілері мың тоннаға жуық өнім ұсынады. Бұл туралы елорда әкімдігі хабарлады.

Қарағанды облысынан 583 тоннадан астам өнім жеткізіледі. Оның ішінде 310 тонна картоп, 134,7 тонна ет, 80 тонна көкөніс, 15 тонна сүт өнімі, 7,5 тонна балық және 36 тонна бакалея тауары бар. Сонымен қатар 310 мың дана тауық жұмыртқасы әкелінеді.

Қостанай облысы 400 тоннадан астам өнімнің 100-ден астам түрін ұсынады. Атап айтқанда, 49 тонна ет, 31 тонна сүт өнімі, 23 тонна шұжық пен еттен жасалған жартылай фабрикат, 30 тонна жарма және макарон өнімі, 90 тонна картоп пен көкөніс, 40 тонна ұн жеткізіледі. Сондай-ақ нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, сусындар, бал және басқа да тауарлар сатылады.

Жәрмеңкеге екі өңірден 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпорын қатысады. Іс-шараның мақсаты – тұрғындарға сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен ұсыну және өнімді делдалсыз, тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік жасау.

Жәрмеңке Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.