Жамбыл облысы астанадағы жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық өнім әкелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтандағы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда жамбылдық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, шаруалар жалпы құны 320 миллион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімін әкелді.

Елорда тұрғындарына ет, сүт және кондитерлік өнімдер, бал, көкөністер мен жемістер ұсынылды. Жәрмеңкеге Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Алтай Көлгінов пен Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.


Мұндай жәрмеңкелер өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді. Бұл елордалықтардың басым бөлігінің назарын аудартқаны қуантады. Мемлекет шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің басты мақсатымыз – импортты азайту және өз облысымызды ғана емес, көрші өңірлерді де отандық өніммен қамтамасыз ету, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жәрмеңкеде Жамбыл облысының 10 ауданы және Тараз қаласынан келген барлығы 90 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі өз өнімдерін ұсынды.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев жыл сайын мұндай жәрмеңкені өткізу барысында көлік шығындары мен сауда орындарымен қамтамасыз етуді салалық басқарма өз мойнына алатындығын атап өтті. Тауарларды жеткізу үшін 10 ауыр жүк көлігі бөлінген десек, оның ішінде 4 тоңазытқышпен қамтылған көлік бар. Ал, тауар өндірушілер үшін екі автобус ұйымдастырылыпты.


Шаруалар бағаны нарықтан 10-20 пайыз төмен бағада өткеруге еш қарсылық білдірмей, келісім берген.

Тұтынушыларды өнімдердің тек бағасы ғана емес, сапасы да қызықтырды.

Барлық өнім санитарлық-ветеринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуына қатысты сертификаттарға ие. Мұндай жәрмеңкелер сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да пайдалы. Себебі, олар өз өнімдерін делдалсыз тікелей өткеруге мүмкіндік алады, - дейді Берік Нығмашев.

Таңертеңнен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңындағы алаңға ағылған астаналықтарда есеп болмады. Оларды тиімді бағадағы өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігі қызықтырды.

Жамбылдық көкөністер мен жемістер дәмі ерекше. Мен алма, қарбыз, қауын және кептірілген жемістерді базардағы бағадан екі есе арзанға сатып алдым, - дейді елорда тұрғыны Толқын Қапанова.

Тағы бір тұрғын Алтынай Мұсылманқұл жәрмеңкеден сатып алған азық-түлігінің үш аптаға жететінін тілге тиек етті.

Келушілер ет, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістерді, жұмыртқаларды таласа сатып алды. Сапалы және жаңа өнімдерді сатып алуға, ақшамызды үнемдеуге мүмкіндік болды, - дейді ол.

Т.Рысқұлованың ауданынан келген «Халық» ҚК басшысы Рысжан Халықова жәрмеңкеге 500 келіге жуық ет әкеліпті.

Қой етінің бір келісі 1900, сиыр еті - 1800, жылқы еті - 1900 теңгені құрайды. Бірінші күні-ақ, үш сағаттың ішінде мен барлық тауарды сатып үлгердім. Біздің етіміздің дәмін татып, астаналықтар жамбылдық өнімдерге ризашылықтарын білдіретініне күмәнданбаймын, - дейді фермер.

«Василенко» ЖК өнімдері де сөреде көп тұрмай өтіп кеткен. Сатушылар балдың 5 түрін сатқан.

Біз Жуалы ауданынан бір тонна бал алып келдік. Олардың келісі 1500 теңгеден сатылды. Балдың денсаулыққа пайдалы екендігі белгілі. Біз әр сатып алушыға түрлі ауруларға қандай балды пайдалану керектігін егжей-тегжейлі түсіндірдік, - дейді Дмитрий Василенко.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның қатысушылары да бұл шарадан шет қалмады. Мәселен, осы жоба аясында құрылған Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылынан 4 шаруа қожалық өкілдері жәрмеңкеге келген.


Осы жәрмеңке үшін ауыл тұрғындарынан 8 тонна өнім жиналды. Біздің пияз, қызанақ, картоп, қияр, алма мен қара өрігімізді сатып алушылар аз болмады. Құмарық ауылынан барлығы 598 аула пилоттық жобаға қатысуда. Келесі жылы біз жәрмеңкеге үлкен құраммен келетін боламыз, - деді Құмарық ауылының әкімі Болат Мансұр.

Жәрмеңкенің екі күнінде жамбылдық аграршылар 42,8 тонна ет, 5 тонна шұжық өнімдері, 12,5 тонна сүт өнімдері, 5000 дана жұмыртқа, бір тонна кондитерлік және 1,5 тонна макарон өнімдері, 5 тонна қант, 6 тонна балық, 2,5 тонна бал, 1,5 тонна кептірілген жеміс, 203,9 тонна көкөніс пен жеміс-жидек сатуға ниетті.

Айта кетейік, шара барысында аз қамтылған отбасыларға 30 азық-түлік жиынтығы таратылды.


Сонымен қатар, елорда тұрғындары үшін жамбылдық қолөнер шеберлері жасаған нео-фольклор стиліндегі кәдесый бұйымдары мен киімдер көрмесі ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы