Астанадағы жантүршігерлік жол апатына қатысты тың дерек шықты
Астанада үш көліктің қатысуымен болған жаппай жол-көлік оқиғасы тергеліп жатыр. Апат салдарынан екі адам қаза тапқан. Бұл туралы Сенат кулуарында журналистердің сұрақтарына жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сонымен қатар ол апатқа себеп болды деп болжанған көлік жүргізушісі тірі қалғанын, ал қаза тапқандар соқтығысқан көліктерде болған адамдар екенін нақтылады.
Толық мәлімет бар, іс қозғалды, қазір тергеу аясында анықтап жатырмыз. Әзірге бұдан артығын айта алмаймын, – деді ол.
Оқиғаның құқықтық саралануы мен мүмкін болатын жауапкершілікке қатысты сұраққа жауап берген Игорь Лепеха бұл адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы екенін айтты. Мұндай жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Еске салайық, кеше кешке Астанада Сарайшық көпірінде үш көліктің қатысуымен жол апаты болды.
Полиция мәліметінше, Түркістан көшесі жағынан келе жатқан Toyota көлігінің жүргізушісі көпір үстінде рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен.
Салдарынан ол қарсы келе жатқан Lada және Skoda көліктерімен соқтығысқан. Жол апаты нәтижесінде екі адам қаза тапты.