Астанадағы жантүршігерлік жол апаты: Жүргізуші қамауға алынды
Астанадағы жантүршігерлік жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Астанадағы автобус апатына қатысы бар жүргізушінің қамауға алынғанын мәлімдеді.
Жолаушылардың денсаулығына ауыр зиян келтірген жол ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде, — делінген Астана қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, кеше кешкісін Астанада Республика даңғылының бойында қала ішінде жүретін жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Алдын ала деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде рульді басқара алмай, бағанға соғылған.
Аталған автобус апатынан зардап шегушілердің бірінің жағдайы ауыр екені де хабарланған болатын. Белгілі болғандай, сол қатты зардап шегіп, жағдайы ауыр халде болған жолаушы аяғынан айырылды. №1 автобус паркі де жол апатына қатысты пікір білдірген еді.