24 Қыркүйек 2026, 01:29

Астанадағы жаңа әуежай Сингапур компаниясының қатысуымен салынады

Жаңа әуежай халықаралық авиациялық хаб ретінде дамып, Changi Airports International жобаны іске асыруға қатысады.

Астана әкімдігі, Қазақстанның Көлік министрлігі және Changi Airport Group компаниясының еншілес кәсіпорны Changi Airports International (CAI) елордада жаңа әуежай салу және қазіргі әуежайды дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келді.
 
Бұл туралы елорда әкімдігінің сайтында жарияланды.

Тараптар ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Құжат Астана әуежайының инфрақұрылымы саласындағы ұзақ мерзімді серіктестіктің негізгі бағыттарын айқындайды.

Негізгі бағыттардың бірі – елордада жаңа әуежай салу жобасын іске асыру. Жоба халықаралық авиациялық хаб құруды және Астананың транзиттік әлеуетін дамытуды көздейді.

Сонымен қатар CAI қазақстандық тараппен қазіргі Астана халықаралық әуежайын дамыту бойынша да ынтымақтасады. Бұл компанияның әуежайды басқаруға, операциялық қызметіне (O&M) және оны одан әрі дамытуға қатысты басқа да бағыттарға қатысуын қамтиды.

Қазір тараптар серіктестік құрылымын, жобаларды іске асыру шарттарын келісіп, қажетті құжаттарды дайындап жатыр.

Негіздемелік келісім Changi Airport Group басшылығының Астанаға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітті. 2026 жылдың тамызында компания жаңа әуежай салуға және елорданы өңірлік авиациялық хаб ретінде дамытуға сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Кейін қазақстандық делегация Сингапурда Changi Airports International өкілдерімен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады», – деп атап өтті елорда әкімдігі.

Келісімге Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Қазақстан көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Changi Airports International бас директоры Юджин Ган қол қойды.

Changi Airport Group – Сингапурдың мемлекеттік компаниясы. Ол елдегі әуежай инфрақұрылымын, соның ішінде Changi халықаралық әуежайын басқарады және дамытады. Changi Airports International еншілес құрылымы арқылы компания халықаралық жобаларды жүзеге асырады. CAI 35 елдегі 90-нан астам әуежайда жұмыс істеу тәжірибесіне ие.