Астанадағы волонтерлер слетіне 21 елдің өкілдері келді
Астанада Қазақстан төрағалық ететін АӨСШК елдерінің волонтерлік қозғалыстары көшбасшыларының слетімен бірге кеңестің 7-ші отырысы өтіп жатыр. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің 6-шы саммитінде ұсынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманованың айтуынша, іс-шараға 21 елден келген өкілдер мен волонтерлер қатысып жатыр.
Қазақстан үшін Азия елдерінің волонтерлерін қабылдау зор құрмет. Біздің бүгінгі кездесуіміз негізінен еріктілік мәселелеріне арналған. Құрметті делегацияларға волонтерліктің көпшілік үшін маңызы, Азиядағы тұрақты дамуды ілгерілетудегі волонтерліктің рөлі тақырыбы бойынша пікір алмасуды ұсындық, – деді вице-министр.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі бас хатшысы Қайрат Сарыбай кеңестің бір мүше мемлекетпен толыққанын атады.
Соңғы 4 жылда Қазақстан төрағалығы жетекшілігімен және мүше мемлекеттердің, АӨСШК қолдауымен біздің форум өзінің жоспарлы эволюциясы жолында айтарлықтай алға қадам жасады. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстанның бастамасымен 6-шы саммитте АӨСШК көшбасшылары біздің бірлестігімізді толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы уағдаласты. Рәсім ережелері мен негізгі құжаттар жаңартылып, кеңес нысандарының жұмысы туралы ережелер бекітілді. Кеңесіміз Кувейт мемлекетімен толықты. Түркіменстан мен Сауд Арабиясы бақылаушы елдер ретінде бекітілді, – деді ол.
Ол сондай-ақ АӨСШК алаңына қызығушылық тек Азия елдерінен ғана емес екенін атады. Еуразиялық экономикалық одақпен әріптестік қатынастар орнағанын айтты.