Астанадағы үш бала қаза тапқан өрт: Қақпаның алдына көлігін қойған жүргізуші жазаланды
Көлігін қақпаға тіреп қойып, құтқарушылардың жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды.
Астанада «Көркем» тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде құтқарушылардың жолын бөгеген жүргізуші жауапқа тартылды. Полицияның мәліметінше, оған айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жүргізушінің жеке басы анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін бұзушылықтардың жолы қатаң түрде кесіледі, – деп атап өтті Полиция департаментінен.
Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.
Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.
Одан кейін қайғылы сәттің куәгері болған әйел өрт басталған бетте түн ішінде қалай оянғанын баяндады.