Бүгiн 2026, 11:22 Фото: видеодан кадр instagram/@kaizen_run

Астанадағы Триатлон паркте балалар алаңы өртеніп кетті

Триатлон паркінде балалар алаңы өртенді.

Астанада таңертең ерте Триатлон паркінің аумағында өрт шықты. Жалын «Арқар» көпірінің астындағы балалар алаңын шарпыды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елордалық ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама «112» нөміріне таңғы уақытта түскен. Өртсөндірушілер шақырту орнына небәрі алты минутта жетіп, 25 шаршы метр аумақты шарпыған өртті ауыздықтады.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Оқиға куәгерлері не дейді?

Куәгерлердің айтуынша, олар төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін-ақ түтін мен жалынды байқаған. Елорда тұрғыны Амангелдінің сөзіне қарағанда, өрт таңғы сағат 5:30 шамасында басталған.

Біз келгенде өрт шығып жатыр екен, бірақ аса қатты емес еді. Сөндіруге тырысқанымызбен, жалын бұрынғыдан да бетер үдей түсті, - деді оқиға куәгері.

Ол сондай-ақ айналадағы адамдардың өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқанын атап өтті.

Өртті өздігімізден сөндірмек болып, өртсөндіргішті де қолдандық, бірақ жалын өте жылдам тарап кетті, - деді қала тұрғыны.

Амангелдінің айтуынша, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері өрт қатты күшейгеннен кейін шамамен он минуттан соң жеткен.

Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның мән-жайын зерттеп, өрттің шығу себебін анықтауда.