Астанадағы «Таза Қазақстан»: акциядан ең жарқын сәттер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. Президент жастар өкілдері және экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағына ағаш отырғызды. Акцияның қалай өткенін фоторепортажымыздан көре аласыз.
Бүгін Астананың жүздеген тұрғыны қаланы одан әрі көгалдандыру үшін қалалық саябақтарға шықты. Олар күрек, тырма және су құйғыштарды қолына алып, саябақ аумақтарын абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Бүгін Астананың жүздеген тұрғыны қаланы одан әрі көгалдандыру үшін қалалық саябақтарға шықты. Олар күрек, тырма және суқұйғыштарды алып, саябақ аумақтарын абаттандыруға атсалысты.
«Мен үшін «Таза Қазақстан» – тек көшелерді тазалап, аумақтарды абаттандыру ғана емес. Ең алдымен, бұл акция патриотизм мен рухани құндылықтарды дамытуға бағытталуы керек деп ойлаймын. Қалаларымыздың қандай болатыны өз қолымызда. Бүгінгі ағаш отырғызу шарасы өте сәтті өтті. Біз Астананы сәл де болса жасыл әрі көрікті ете түстік», – дейді волонтер Даниялакмаль Салықов.
«Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастағаннан бері еліміз бойынша 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оның аясында 3,8 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылды.
Астанада соңғы жылдары 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Жыл соңына дейін тағы 170 аула мен қоғамдық аумақты, соның ішінде саябақтар, скверлер мен бульварларды ретке келтіру жоспарланып отыр.
Бүгінде Астанада «Мыңжылдық» аллеясы мен GreenLine бульвары тұрғындар көп баратын жаңа орындарға айналып келеді.
Елордадағы Урбанистика орталығының директоры Елнар Базыкен Астанада жаяу жүргіншілердің қозғалысын жайлы етуге бағытталған алдағы жобалар туралы айтып берді.
«Қалада бірнеше көпір салу жоспарланып отыр. Триатлон саябағын қарсы беттегі жағалаумен байланыстырып, оны «Жетісу» саябағына жалғағымыз келеді. Бұл – концептуалды тұрғыдан дұрыс шешім. Адамдар көлік көпірін пайдаланбай-ақ бір нүктеден екіншісіне жете алады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер көпірі жай ғана өту жолы емес, қаланың көрікті орындарының біріне айналса деген ой бар», – деді Елнар Базыкен.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанның барлық өңірінде World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық іс-шаралар өтіп жатыр. Волонтерлер, жастар, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың өкілдері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында бірігіп, қалалар мен табиғи аумақтарды таза ұстауға атсалысуда.