Астанадағы қайғылы сәттің куәгері: «Балалардың күлкісі естілетін қабырғаның арғы жағында өлім орнады»
«Олардың балалары бар екенін бәріміз білетінбіз...»
Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған алапат өрт бір отбасының ғана емес, барлық естіген жанның қабырғасын қайыстырды. Өрт кезінде көршілерін оятып, ажалмен бетпе-бет келген куәгер Аша сол түнгі жантүршігерлік оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Алла, Алла...» деген ыңырсыған дауыс оятты
Аша сол түні тренингтен және әріптестерімен бірге болған отырыстан кейін үйге кешірек шаршап келіп, ұйқыға жатқанын айтады. Түн ортасында ол беймәлім бір дыбыстан сескеніп оянғанын айтады.
Түн ортасында, сағат 01:17 шамасында кенеттен оянып кеттім. Тыныштықта лапылдап жатқан оттың дыбысындай бір сытырды естідім. Розеткадан ақау шыққан болар деп ойлап, жартылай ұйқылы күйде бәрін розеткадан суыра бастадым. Бірақ ол жақта ештеңе жоқ екен. Көзімді ашсам, пәтердің ішінде будақтаған түтін сезіле бастады. Елең еткізгені - қабырғаның арғы жағынан әрең естілетін ыңырсыған дауыс: «Алла, Алла, Алла...» деп қайталап жатты. Мен дереу дәлізге атып шықтым, ол жердің бәрін қара түтін басып кетіпті, - дейді куәгер.
Аша қорыққанына қарамастан, көрші пәтердің есігін қағып, өрт сөндірушілерді шақырған. Алайда иіс тиген көршілер бірден ояна алмаған.
Сол сәтте қабырғаның арғы жағындағы көрші пәтердің өртеніп жатқанын түсіндім. Жүрегім зырқ ете қалды, бірден олардың пәтеріне жүгіріп барып, есікті ұрып, айғайлай бастадым. Ешкім есік ашпады. Содан кейін басқа көршілердің есігін қатты ұрып, айғайлап, бәрін аралап шықтым. Ешкім ашпады, мен бар күшіммен тоқтаусыз ұрдым. Ішімде қорқыныш пен үрей, сонымен қатар 101 қызметіне де хабарласа алмай әлек болдым, - дейді Аша.
Содан кейін көршілер біртіндеп есіктерін ашып, ояна бастаған.
Көршілердің бірі - ерлі-зайыптылар есік ашты. Олар ештеңе түсінбей: «Не болып жатыр?» - деп сұрады. Мен: «Көрмей тұрсыздар ма, өртеніп жатырмыз! Көршілер өртеніп жатыр, тез арада бірдеңе істеу керек, көмектесу керек!» - дедім. Содан кейін бірінен соң бірі басқа көршілер де шыға бастады. Бәрі аң-таң. Мен қатты күйзелісте оларға айғайлай бастадым: «Неге тұрсыздар? Мұнда пәтер өртеніп жатыр! Ер адамдар, бірдеңе істесеңіздерші, ол жерде адам өліп кетуі мүмкін! Іште адам бар!» - деп жалындым. Ер адамдардың бірі: «Не істейміз? Бізде лом (темір кескіш) жоқ қой», - деді. Мен: «Бірдеңе істеу керек қой! Іште адамдар бар!» - дедім. Олар өртеніп жатқан 150-пәтердің есігіне жақындай бастады. Кейінірек түсінгенімдей, бәрі ұйқыда болған және иіс тиген, содан болар, олар ұзақ оянып, кеш әрекет етті, мидың жұмысы өзгеріп кеткендей еді. Мен қайтадан 101-ге қоңырау шалып, өз пәтеріме қарай жүгірдім де, өрт туралы хабар бердім, ал қабырғаның арғы жағынан ыңырсыған дыбыстар тоқтамады. Өрт сөндірушілер өте жылдам әрекет етті, - дейді ол.
Құтқару жұмыстарына кедергі болған көліктер
Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына жедел жеткенімен, жол бойындағы кептеліс пен бейберекет қойылған көліктер жұмысты қиындатқан.
Мен кетіп бара жатқанда, өрт сөндірушілер жүгіріп келіп, есікті сындырып, ашуға кірісті. Бізді төменге жіберді. Көршілер қолдан келгенше бәріне хабар беріп, чаттарға жаза бастады. Өрт сөндірушілер қабаттарды аралап, бәрін эвакуациялап жатты. Біз далаға шыққанда үйдің айналасында өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері қаптап тұрды. Бірақ біреудің көлігі жолды бөгеп тастағандықтан, су толы үлкен машина үйге жақындай алмады. Көлік иесі табылғанша, уақыт жоғалттық. Біз тек дұға етіп, өз өмірлерін қатерге тіккен мамандарға сенуден басқа ештеңе істей алмадық, - дейді ол.
«Олардың балалары бар екенін бәріміз білетінбіз...»
Өрттен зардап шеккен әйелді алып шыққанда, тұрғындардың ең бірінші сұрағы балалар туралы болған. Басында «үйде ешкім болмаған» деген ақпарат тарап, халық сәл де болса тынышталған еді. Бірақ шындық әлдеқайда ауыр болды.
Біраз уақыт өтті... Адамдар мінген автобус тұрды. Бізді тізімге тағы бір рет жазып, жайлап кіргізе бастайтындарын айтты: біреулер заттарын алып, әкімдік берген жатақханаға кететін болды, ал қауіпсіз қабаттар өз пәтерлеріне барды. Біз әріптесім екеуміз алғашқылардың бірі болып үйге кірдік. 15-қабатқа баспалдақпен көтеріле бастадық. Күйіктің иісі өте қатты шығып тұрды, кей жерлерде баспалдақтарда қан іздері жатты. Біз қорқынышпен сол қанға қарап, оның кімдікі екенін білмей өтіп бара жаттық. Әр 3-4 қабат сайын балконға шығып дем алып отырдық, өйткені күйік иісіне шыдау мүмкін емес еді, - деген толқынысын білдірді Аша.
Қара түнек пен қан іздері
Өрт сөндірілгеннен кейін үйдің іші танымастай өзгерген. Аша үйіне көтерілгендегі көріністі де сипаттады.
Біз өзіміздің 15-қабатымызға жеткенде, иіс газы тіпті көбейе түсті. Саты алаңынан балконға шыға берісте жартылай күйген көйлектің қиындысы жатты. Ал кіреберіс өрттен қап-қара болып кеткен әрі тас қараңғы, бейне бір өртеніп кеткен үйдің үйінділеріне кіргендей күйде болдық: еденде түсініксіз сынықтар шашылып жатты, жан-жақтың бәрі су. Жылы киімдеріміз бен құжаттарымызды алып, пәтерден шыға бергенімізде, өртенген пәтерге біздің қабатта бұрын тұрған көрші әйел мен тағы бір ер адамның кіріп бара жатқанын көрдік. Дәл сол сәтте ғана мен көршінің балалары өрт кезінде өмірі үзіліп кеткенін білдім... Бізге олардың өрт сөндірушілер есікті ашқанға дейін-ақ иіс газынан қайтыс болғанын айтты. Көз жасымды тыя алмадым. Мен күн сайын қабырғаның арғы жағынан ол балалардың дауысын, олардың еркелігі мен ойындарын еститінмін, өйткені бізде дыбыс өте қатты естіледі. Тіпті, менің қабырғамның арғы жағы олардың асүйі болғандықтан, жиі бір уақытта тамаққа отыратынмын, оларды дәлізде де көріп тұратынмын. Мен бұған сене алмадым, әріптесімнен шындықты білуін өтіндім, - дейді жүрегі қарс айырылған куәгер.
Одан кейін Айша жанып кеткен көрші пәтердің отағасын көріп қалғанын айтып берді.
Жылап келе жатып, көлігімнің артында, бордюрде отырған ер адамды көрдім, оны басқа адамдар қоршап алыпты. Жақынырақ барғанда оның көрші әйелдің күйеуі екенін таныдым, оның жағдайы өте мүшкіл еді. Кенеттен оның денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем көлігі келіп, оны тексере бастады. Жанында оның және әйелінің туыстары болды. Олардың сол сәтте не сезінгенін елестетудің өзі қорқынышты. Бізге мән-жайды толық анықтау үшін әңгімелесуге шақыратындарын хабарлады. Мен мұнда болған оқиғаның бәрін жазған жоқпын, бірақ осының өзін жазып отырып, жүрегім қайтадан сыздап, көзіме жас келді..., - дейді ол.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл қайғылы жағдай тұрғын үй кешендеріндегі өрт қауіпсіздігі мен аула ішіндегі көлік тұрағы мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.
Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.
Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.