Астанадағы қайғылы өрт: Үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр
Дәрігерлер елордадағы тұрғын үйдегі өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.
Астанада көпқабатты тұрғын үйде болған өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісінің сауалына қалалық Денсаулық сақтау басқармасы жауап берді.
Өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.
Дәрігерлердің мәліметінше, 39 жастағы әйел жедел жәрдем желісі арқылы түнде медициналық мекемеге жеткізілген. Оған жалыннан дене бетінің 50-55 пайызын қамтыған II-IIIА-Б дәрежелі термиялық күйік, термоингаляциялық зақымдану және II-III дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған.
Науқас алдымен шокқа қарсы палатаға орналастырылып, оны травматолог, реаниматолог, ЛОР-дәрігер және токсиколог тексерген. Қараудан кейін әйел жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды, - деп мәлімдеді травматолог дәрігер Марат Сабиров.
Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.