Астанадағы POLICE RUN жарысына 2 мыңнан астам адам қатысты
Жарысқа ішкі істер органдарының қызметкерлерімен қатар елорда тұрғындары, жүгіруге әуес жандар және салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты.
Астанада Қазақстан полициясы күніне орай «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында дәстүрлі POLICE RUN жүгіру жарысы өтті. Ауқымды спорттық шараға екі мыңнан астам адам қатысып, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен қала тұрғындарын бір алаңға біріктірді.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, іс-шара елордадағы Триатлон саябағында өтті. Оны Ішкі істер министрлігінің ARLAN спорт клубы Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Жарысқа ішкі істер органдарының қызметкерлерімен қатар елорда тұрғындары, жүгіруге әуес жандар және салауатты өмір салтын ұстанушылар қатысты.
POLICE RUN Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігіне айналып, бұқаралық спортты дамытуға, қоғамдық бірлікті нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
Мерекелік шараның көркін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының Ән және би ансамблі келтіріп, қатысушылар мен қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды.