Астанадағы өрт. Зардап шеккен өрт сөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды

Астанадағы өрттен бірнеше адамның өмірін құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада есін жимастан қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаралы хабармен ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов бөлісті.

Бүгін өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада қайтыс болды. Елордалық дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше тәулік күрескені белгілі. Асқар 16 қараша күні Астанада орын алған өрттен бірнеше адамды ерлікпен құтқарып қалды.

Төтенше жағдайлар министрлігі Асқар Забикулиннің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Оның жарқын бейнесі өз ісінің кәсіби маманы ретінде мәңгілік жүрегімізде сақталады.

Асқар ақжарқын, жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және сауатты маман болды. Жұмыста оның еңбегін, мамандығына деген адалдығы мен ерекше ықыласы үшін құрметтейтін, - деді ведомствоның ресми өкілі. 

Асқардың артында жары мен екі баласы қалды.

ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетеміз деп отыр. 

Еске сала кетейік, 16 қарашада Астанада елордалық өрт сөндірушілер өртке оранған пәтерден бес адамды аман алып шыққан болатын. Кейіннен белгілі болғандай, тілсіз жауды ауыздықтау кезінде өрт сөндірушілердің өздері жапа шегіп, қолдары мен беттерін күйік шалған. Өрттің себебі анықталып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы