Астанадағы өрт қауіпсіздігі: Тілсіз жаудың негізгі ошақтары және одан сақтану жолдары қандай?
Елордада жыл басынан бері 569 өрт тіркеліп, олардың ең көбі тұрғын үй секторында орын алды.
Қала көлемі ұлғайған сайын төтенше жағдайлар қызметінің де жүктемесі артып, жаңа қауіптер пайда болуда. Астанада жыл басынан бері қанша өрт тіркелді және мамандар қауіптің алдын алу үшін қандай шаралар атқарып жатыр? Бұл туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Жалғасбек Маратов BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Жақында ғана елордада жаңадан салынып жатқан ғимараттың шатыры өртенген болатын. Одан бұрын көпқабатты тұрғын үйде де жалын өршіп, қала тұрғындарын алаңдатқан еді. Алдағы жылыту маусымы қарсаңында мұндай қауіптердің жиілеуі мүмкін екенін ескеріп, біз осы сұрақтар төңірегінде маманмен тілдесіп көрдік.
Ресми деректерге сәйкес, биылғы 2026 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша Астана қаласында жыл басынан бері 569 өрт тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде 623 өрт болып, көрсеткіш 55 жағдайға төмендеген.
Елордадағы қауіпсіздік жағдайы мен өрттің негізгі ошақтарына тоқталған аға инженер мынадай деректерді алға тартты.
Қала аумағында өрт оқиғалары тұрғын үй секторында, көлік құралдарында және ашық аумақтарда жиі тіркеледі. Дегенмен, өрт қаупін тек белгілі бір ауданға ғана байланыстыру дұрыс емес, себебі профилактикалық жұмыстар елорданың барлық аумағында тұрақты түрде жүргізіледі, – деді Жалғасбек Маратов.
Оның сөзінше, статистикалық есеп тек аудандық бөліністе ғана емес, негізінен өрттің қай нысанда және қандай себеппен орын алғанына қарай жүргізіледі.
Маманның айтуынша, тілсіз жаудың шығуына негізгі факторлар әсер етеді:
- Электр жабдықтары мен электр сымдарының ақаулығы;
- Электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіру;
- Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау;
- Отты абайсыз пайдалану және тұрмыстағы немқұрайлылық.
Мысалы, соңғы тіркелген оқиғалардың бірінде автокөліктің қозғалтқыш бөлігінде өрт шығып, алдын ала себеп ретінде электр сымдарының қысқа тұйықталуы анықталған. Сондықтан өрттің алдын алуда техникалық ақауларды уақытылы анықтау аса маңызды, – деп атап өтті аға инженер.
Сонымен қатар ведомство өкілдері күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын электронды құрылғыларға қатысты да қауіпсіздік ережелерін еске салады. ТЖМ мәліметінше, телефон, планшет және өзге де гаджеттерді, әсіресе түнгі уақытта қараусыз қуаттау үлкен қауіп тудырады.
Сапасыз адаптер немесе зақымдалған сымдар қысқа тұйықталуға, құрылғының шамадан тыс қызып, отқа орануына соқтыруы ықтимал. Әсіресе гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпе үстіне қойып қуаттау қауіпті – жұмсақ заттар жылудың сыртқа таралуына кедергі жасап, лезде қызып кетуге жол ашады. Сондықтан қуаттағыш құрылғыларды перде, қағаз сынды тез тұтанатын заттардан алшақ ұстаған абзал.
Маманның айтуынша өрттің себептері нысанның ерекшелігіне қарай өзгереді.
- Жеке тұрғын үй секторында: пештерді пайдалану, мұржалардың уақытылы тазаланбауы, электр желілерінің ақауы және отты абайсыз пайдалану басым;
- Көпқабатты тұрғын үйлерде: көбіне электр желілері мен тұрмыстық электр құралдарын пайдалану, сондай-ақ эвакуациялық жолдардың талапқа сай болмауы мәселе туындатады;
- Өндірістік және құрылыс нысандарында: электр жабдықтарының ақауы, технологиялық процестердегі өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, дәнекерлеу және басқа да отты жұмыстарды жүргізу кезіндегі салғырттық қауіпті арттырады;
Аға инженердің сөзінше, Төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторында тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізеді. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатылады.
Негізгі назар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, пешпен жылытылатын үйлерге және өрт қаупі жоғары нысандарға аударылады. Мұндай аралау кезінде тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліп, пештер, мұржалар мен электр желілерінің жағдайы қадағаланады. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне көміртегі тотығын анықтайтын датчиктер орнатылады, – деді ол.
Алайда маман датчиктің өзі өрт қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейтінін, ол тек қосымша бақылау құралы екенін ескеру қажет екендігін жеткізді. Сондықтан пешті, мұржаны және электр желісін уақытылы тексеру әр тұрғынның міндеті.
Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған ресми деректерге сәйкес, бүгінде халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарындағы азаматтар тұратын 96 мыңнан астам тұрғын үй есепте тұр. Қазіргі уақытта республика бойынша профилактикалық жұмыстармен 36 мыңнан астам үйі қамтылды. Әкімдіктер мен еріктілердің бірлесуімен 6,5 мың үй өрт қауіпсіздігі жағдайына келтірілді.
15 тамыздан бастап Республикалық өрт қауіпсіздігі профилактикалық акциясы аясында 700-ден астам датчик орнатылды. Өткен жылыту маусымында тұрғын үйлерде 51 мыңнан астам автономды датчик қойылған болатын. Бұл тәжірибе енгізілгелі бері, олардың іске қосылуының 67 жағдайы тіркеліп, соның арқасында 288 адамның улануы мен қаза табуына жол берілмеді.
Елорданың кеңейіп жатқан аймақтарындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты аға инженер бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.
Астана қаласының аумағы қарқынды өсіп келе жатқанын ескере отырып, өрт сөндіру бөлімшелерінің орналасуы мен күш-құралдарының жеткіліктілігі тұрақты түрде талданып отырады. Жаңа тұрғын алаптары мен құрылыс аумақтарының пайда болуы өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымына да жаңа талаптар қояды, – деп атап өтті маман.
Оның айтуынша, шақыру орнына нақты келу уақыты әр оқиға бойынша жеке қалыптасады – бұл нысанның орналасуына, жол жағдайына, тәуліктің уақытына және шақыру санатына тікелей байланысты. Басты мақсат – өрт туралы хабар түскен сәттен бастап бөлімшенің оқиға орнына барынша жедел жетуін қамтамасыз ету.