Астанадағы Open Air концерттеріне 100 мыңнан астам көрермен жиналды
Концерттердің көркемдік шешімін жасанды интеллект негізіндегі визуалды эффектілер мен заманауи мультимедиялық технологиялар толықтыра түсті.
Астана күніне орай елордада өткен ауқымды Open Air концерттеріне 100 мыңнан астам тұрғын мен қала қонағы қатысты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Мерекелік концерттер бір мезгілде екі ірі алаңда – «Астана Арена» стадионының аумағында және «Қазақ елі» монументі алаңында өтті.
«Астана Арена» маңындағы мерекелік бағдарлама күндіз қолөнершілер жәрмеңкесі, фуд-корттар, балалар мен отбасыларға арналған ойын-сауық алаңдарының жұмысымен басталды. Кештің басты оқиғасы жасанды интеллект элементтері мен заманауи цифрлық технологиялар қолданылған Open Air концерті болды.
Сахнада «Формат» тобы, Маржан Арапбаева, Raim, Ерке Есмахан, Әлішер Кәрімов, BAYANSULU, Alem, Bellucci, Yenlik, Abik Jeksen және Қайрат Нұртас өнер көрсетті. Концерттің тізгінін Линара Есен мен Дарын Олжабай ұстаса, бағдарламаға жасанды интеллект көмегімен жасалған цифрлық жүргізуші Батыржан Тазабеков те қосылды.
Дәл осындай мерекелік атмосфера «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда да қалыптасты. Мұнда «МузАрт» тобы, Маржан Арапбаева, Айқын Төлепберген, Ерке Есмахан, Raim, Kalifarniya, BAYANSULU, Yenlik, Қазыбек Құрайыш, Қуандық Амандық, DOS, Абзал Өтешов, Didar және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP көрерменге өнерін ұсынды.
Концерттердің көркемдік шешімін жасанды интеллект негізіндегі визуалды эффектілер мен заманауи мультимедиялық технологиялар толықтыра түсті.
Open Air концерттері Астана күні мерекесінің ең ауқымды іс-шараларының біріне айналып, әртүрлі жастағы ондаған мың көрерменнің басын қосты.
«Маған бәрінің бірге ән айтып, көтеріңкі көңіл күйде болғаны қатты ұнады. Осындай концерттер жиі ұйымдастырылса екен», – деді жас көрермен Арман.
Ал елорда қонақтарының бірі мұндай ауқымды концерттердің тұрғындар үшін тегін ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мерекелік кеш жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлаған.
Айта кетейік, Астана күніне орай елордада таңертеңнен бастап концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар, көрмелер, отбасылық іс-шаралар және түрлі мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. Күні бойы жалғасқан мерекелік шаралар кешкі Open Air концерттерімен қорытындыланды.