24 Қазан 2026, 10:49 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Астанадағы мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері заңсыз жолмен 74 адамға жүргізуші куәлігін алып берген

Астанада прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады. 

Елорда прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық топтың құрамында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерлері мен делдалдар болған. Бұл туралы ведомство 2026 жылғы 23 қазанда мәлімдеді.

Тергеу барысында топ мүшелерінің өзара міндеттерді бөліп алғаны анықталды. Делдалдар орталық ғимаратының маңында тұрып, емтихан тапсырушыларға теориялық сұрақтардың жауаптарын айтып отырған. Ал орталық қызметкерлері практикалық емтиханнан өткені туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық жүйеге енгізген.

2025 жылы осы заңсыз схема арқылы 74 адам жүргізуші куәлігін алған.

Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сараланды. Атап айтқанда, 262-бап – ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу; 206-бап – ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту, – деп нақтылады ведомство.

Топтың алты мүшесіне қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тағы үш адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылса, бір адам үйқамаққа алынған.

Сондай-ақ заңсыз жолмен жүргізуші куәлігін алған 74 адамның құжаттарының күші жойылғаны хабарланды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.