Кеше 2026, 14:47 Фото: Ақорда

Астанадағы LRT-ның «Жібек жолы» станциясы әлі ашылмады

CTS мәліметінше, станция маңындағы абаттандыру және инфрақұрылым жұмыстары әлі толық аяқталмаған.

Астанадағы LRT станцияларының бірі жолаушыларды қабылдауға әлі дайын емес болып шықты.

CTS (City Transportation Systems) компаниясының хабарлауынша, «Жібек жолы» станциясының маңындағы инфрақұрылым жолаушылар ағынын қабылдауға толық дайын болмаған.

Осыған байланысты «Жібек жолы» станциясы әлі пайдалануға берілмеді.

Қазіргі уақытта қалалық қызметтер аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер мен веложолдарды жасау, сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары атқарылуда, – деп мәлімдеді компания өкілдері.

CTS өкілдерінің айтуынша, барлық жұмыс толық аяқталғаннан кейін станция жолаушылар үшін ашылады.

Ал қалған станциялар күнделікті қалыпты режимде таңғы 6:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істеп тұр.

Еске салайық, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT желісінің жұмысын іске қосқан болатын.