Астанадағы көшелердің біріне атақты саяхатшының аты берілмек
Сондай-ақ елордадағы көшелердің біріне Болгария астанасы Софияның атауын беру ұсынылды.
Астанадағы екі көшеге халықаралық маңызы бар жаңа атаулар беру ұсынылды. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек қалалық мәслихаттың отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бастама бауырлас қалалар арасындағы ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Ұсыныстар бұған дейін қоғамдық тыңдауларда қолдау тауып, кейін Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған. 2026 жылдың наурыз айында комиссия оң қорытынды берген.
Бірінші ұсыныс бойынша Нұра ауданындағы Жұбанов көшесі мен Е-754 көшесіне «София» атауын беру көзделіп отыр.
Айта кету керек, бұған дейін Болгария астанасы София қаласындағы орталық көшелердің біріне Астана атауы берілген болатын. Енді өзара әріптестік негізінде елордадағы көшелердің біріне София атауын беру ұсынылып отыр, – деді Досжан Исабек.
Сондай-ақ Тұран даңғылы мен Қабанбай батыр даңғылының аралығында, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайының маңында орналасқан көшеге әйгілі венециялық саяхатшы Марко Полоның есімін беру ұсынылды.
Басқарма өкілінің айтуынша, Марко Поло XIII-XIV ғасырларда Азияны зерттеп, өңір туралы құнды географиялық және тарихи деректер қалдырған тұлға ретінде белгілі.
Бұл бастама да өзара сыйластық қағидатына негізделген. Италияның астанасы Рим қаласында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне нысан аталған. Осыған орай Астанада Марко Поло есімін ұлықтау ұсынылып отыр, – деді ол.
Ұсыныстар қолдау тапқан жағдайда, тиісті құжаттар заңнамаға сәйкес рәсімделіп, одан әрі бекіту рәсімдерінен өтеді.