Астанадағы кептеліс 10–12%-ға азайды: Қай жолдар кеңейтіліп, LRT қай бағытқа ұзартылады?
Мемлекеттік органдардың жұмыс кестесін өзгерту Астанадағы көлік жүктемесін 10–12%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда елорданың бірнеше ірі магистралінде қарбалас уақытта көлік қозғалысы әлі де қарқынды.
Кептеліспен күресу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр, қай жерлерде жаңа жолайрықтар салынады және LRT желісін қай бағытқа дейін ұзарту жоспарланып отыр? Бұл мәселелерді BAQ.KZ редакциясы анықтады.
Жұмыс кестесінің өзгеруі көмектесті ме?
Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмыс басталу уақытын ауыстыру көлік жүктемесін азайтуға ықпал еткенін хабарлады.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмыс басталу уақытын ауыстыру көлік жүктемесін 10–12%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, – делінген ведомство жауабында.
Басқарманың мәліметінше, жұмыс кестесінің өзгеруі таңертеңгі қарбалас уақытта көлік ағынын біркелкі бөлуге және жолдардағы қозғалыс қарқындылығын азайтуға мүмкіндік берген.
Қай көшелерде көлік қозғалысы әлі де қарқынды?
Қабылданған шараларға қарамастан, елордада көлік қозғалысы жоғары жол учаскелері әлі де бар.
Басқарманың мәліметінше, қарбалас уақытта ең көп жүктеме түсетін жолдардың қатарында Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары, Шыңғыс Айтматов көшесі, сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылынан Шыңғыс Айтматов көшесіне дейінгі Сығанақ көшесінің учаскесі бар.
Жаңа жолайрықтар қайда салынады?
Жол қозғалысын жақсартуға бағытталған жобалардың бірі – Ұлттық кітапхана маңындағы Алматы көшесінің Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі учаскесінде көлік тоннелін салу.
Жобаның мақсаты – автокөліктердің барынша тікелей әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету.
Яғни Ақмешіт және Түркістан көшелеріндегі қиылыстар алынып, осы учаскеде көлік қозғалысы үздіксіз жүзеге асады. Бұл аталған бағыттағы көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттырады, – деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиев даңғылы мен Шаймерден Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы жалғасып жатыр.
Жаңа жолайрық Ақан сері, Шаймерден Қосшығұлұлы, Кенесары және Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ Көктал мен Агроқалашық тұрғындарының көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
LRT қай бағыттарға ұзартылады және қанша станция салынады?
CTS баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясына берген мәліметінде жеңіл рельсті көлік желісін кеңейту жоспарларымен бөлісті.
LRT желісін үш бағыт бойынша ұзарту көзделген:
-
Қарқаралы тасжолы бойымен Қосшы қаласына қарай;
-
Сығанақ көшесімен Шыңғыс Айтматов көшесіне дейін, сондай-ақ Ұлы Дала көшесінен Мұхамедханов көшесіне дейін;
-
Сығанақ көшесінен Тұран даңғылы бойымен Кенесары даңғылына дейін, одан әрі Жеңіс даңғылы арқылы «Астана-1» теміржол вокзалына дейін.
Жоспарланған жаңа желілердің жалпы ұзындығы 26,51 шақырымды құрайды. Оларда біреуі ауысып мінуге арналған, барлығы 20 станция салу қарастырылған.
CTS мәліметінше, № 2 желіде ұзындығы 9,13 шақырым болатын 8 станция, № 3 желіде ұзындығы 8,38 шақырым болатын 8 станция, ал № 4 желіде ұзындығы 9 шақырым болатын 3 станция салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, бір ауысып міну станциясы болады.
Алайда жаңа учаскелерді іске қосу мерзімдері әзірге жарияланған жоқ.
LRT желісін кеңейту қанша тұрады?
Заңнамаға сәйкес, жобаның түпкілікті құны жобалық құжаттама сараптамадан өткеннен кейін айқындалады, – деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.
Компания өкілдерінің айтуынша, жұмыстар бекітілген бағыттар бойынша өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Дегенмен әр бағыт бойынша құрылыс пен жобалау жұмыстарының нақты кезеңдері нақтыланбаған.
Қалалық Көлік басқармасының мәліметінше, LRT Tarlan Astana іске қосылғалы бері жолаушылар ағыны 11,5 миллионға жуық сапарды құраған.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы кептелісті қаланың басты проблемасы деп атаған.