Астанадағы ең танымал орындар

6 шілдеден бастап еліміз Астананың 25 жылдығын тойлап жатыр. Осыған орай елордалықтар мен қала қонақтарына демалыс күндерін қайда өткізуге болатынына шолу жасап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Астанада қала тұрғындары мен қонақтары арасында танымал орындардың тізімін ұсынбақпыз.

Бәйтерек

Астананың символы атанып кеткен «Бәйтерек» монументі жайлы білмейтін жан жоқ шығар. Монументтің биіктігі - 97 метр. 97 саны кездейсоқ емес, өйткені осы жылы Қазақстанның бас қаласы Алматыдан Астанаға ауысқан болатын.

«Бәйтерек» бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтың ғұмырлық мұратын білдіреді.

«Бәйтерек» нысаны үш бөліктен тұрады - жер асты бөлігі ұлттың тамыр жаюы, ал одан кейінгілері өркендеу кезеңдерінің нышандарын білдіреді. Ең жоғарғы жағында «Аялы алақан» композициясы орын тепкен. Оған қол табы тигенде шиыршық түрінде жарық ағып түсіп, сәуле алақанға құйылады және Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ойналады. Одан әрі қосымша түріндегі композиция өз негізінен бөлініп, жер бетіне қалықтап тұрғандай әсерге бөлейді. Ұшар басында алтын шар орналасқан.

Қазіргі күні «Бәйтерек» халық көп баратын елорданың әсем ғимараттарынң біріне айналып үлгерді.

Ақорда

Ақорда резиденциясы – Қазақстан Президентінің резиденциясы.

Резиденция құрылысы 2001 жылы басталып, ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсанда өтті. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат құрылыстағы ең соңғы заманауи әдістер мен озық инженерлік құрылғыларды қолдану арқылы монолиттік бетоннан тұрғызылды. Үшкір төбесімен қоса алғандағы ғимарат биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бес қабатты және жер астындағы екі қабатты үйден тұрады. Бірінші қабаттың биіктігі 12 метрге тең.

Ақорда – ел дамуының жаңа философиясының көрнекі бейнесі. Резиденцияның символикалық және функционалдық бағыты өзінің толық кескінін қасбеттер мен ішкі көріністердің рәсімделуінен – олардың мәнер-стилистикасы мен түсіне қатысты шешімдерінен тапты. Еуропалық сәулет өнеріне тән дәстүрлі шешім ғимаратта жаңа мазмұнмен толыққан. Ақорда түпкі ой мен оның іске асырылуы жөнінен Қазақстан тәуелсіздігінің көркем бейнесін білдіреді.

Ақорданың ішкі сәулеті мен безендірілуі Қазақстанның заманауи мемлекеттік стилін көрсетеді. Бұл стильдің негізі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаланған және бүгін де өзінің негізгі бағыттары – мемлекеттік символикада, билік белгілерінде, ресми униформаның пішімінде, ұлттық валютада сақталған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақорда» резиденциясы біздің еліміздің ең маңызды және танымал символдарының бірі мәртебесін иеленген.

Хан шатыр

«Хан Шатыр» сауда-ойын орталығын Қазақстан астанасының және тұтастай алғанда еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі деп атауға болады.

Норман Фостердің қия­лынан шыққан сәулет ға­жайыбы – «Хан Шатыр» Орта Азиядағы баламасыз, әрі ең ірі архи­тек­ту­ра­лық жоба.

«Хан Шатыр» СОО – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі ойын-сауық және сауда-саттықты біріктірген, өмір салтын қалыптастырушы орталық. 2010 жылы 6 шілде күні ашылған бұл ғимарат Қазақстан астанасының 12-ші туған күнімен тең келген. Хан Шатырдың биіктігі - 150 м және жалпы ауданы 127м000 шаршы метр болатын мөлдір шатыр, ол 6 қабаттан тұрады.

Жыл сайын «Хан Шатыр» жұлдыздардың концерттеріне бірнеше мыңдаған адам жинайды, танымал адамдармен танысуға мүмкіндік береді. Күмбездің астында кинофестивальдер, әлемдік концерттер, көрмелер өтеді. Сауда орталығының сахнасын әншілер, бишілер және тағы да басқа көптеген өнер адамдары және әр демалыс сайын балалар іс-шаралары мен ойын-сауық бағдарламаларымен толтырады.

Әзірет Сұлтан мешіті

Әзірет Сұлтан мешіті - Астана қаласындағы орналасқан мешіт. Дәстүрлі ислам стилінде салынған ғибадат үйі Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысандармен іргелес орналасқан. Рухани орын 13 га. жерді алып жатқан аумақта орналасқан, мешіттің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде орындалған.

Әзірет Сұлтан мешітің құрылысы 2009 маусым айында басталған болатын. 2012 жылдың 15 қаңтар күні мешітте өрт болуына байланысты көктемде ашылуы керек мешіт құрылысы кейінге шегерілді. Осы жылы 6 шілде күні Әзірет Сұлтан мешітінің салтанатты түрде ашылуы өтті.

Бас мешіт

2022 жылы елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды.

Жаңа мешіт Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен үш жылдың ішінде салынды. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр.

Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни: подиум мен сахан аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасауға мүмкіндік бар. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни: ерлерге арналған орында 30 мың адам; әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.

Мешіттің сыйымдылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.

Жаңа мешіт Қабанбай батыр мен Мәңгілік Ел даңғылдарының арасында, Хусейн бен Талал көшесінің жанында орналасқан.

MEGA Silk Way

MEGA Silk Way-MEGA сауда-ойын-сауық орталықтары желісінің жаңа тарауы. Chapman Taylor компаниясының ағылшын сәулетшілері өздерінің портфолиосындағы ең үздік жобалардың бірі - Астанадағы сауда-ойын-сауық орталығын құрудың негізгі тұжырымдамасын әзірледі. MEGA Silk Way-елорданың туристік және инвестициялық тартымдылығы тұрғысынан маңызды объект.

MEGA Silk Way Қабанбай батыр даңғылы, 62 көшесінде орналасқан.

MEGA-ға барушылар уақытты отбасымен бірге қызықты өткізіп, мәдени демалыс ұйымдастыра алады.

ЭКСПО – «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейі

Елімізде 2017 жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесі өткен болатын.

«EXPO-2017» көрмесінің қайталанбас нысаны – еліміздегі болашақ энергияның тұңғыш технологиялық мұражайын ұсынатын «Нұр Әлем» сферасы. Шар пішіндес ғимарат «EXPO-2017» ашылмастан бұрын көпшіліктің назарына түсіп, мыңдаған адамның көрмеге келуге деген тілек-ынтасын оятқан болатын.

Мұражай сегіз қабаттан тұрады, олардың әрқайсысына жекелеген тұжырымдамалық идея тән: «Күн энергиясы», «Жел энергиясы», «Ғарыш энергиясы», «Биомасса энергиясы», «Су энергиясы», «Кинетикалық энергия», «Ұлттық павильон» және «Болашақ Астана». Келушілер мұражаймен танысуды жоғарғы қабаттан бастағаны жөн. Мұнда астанада жүзеге асырылатын алдағы жобалар ұсынылады.Оған қоса мұражай аумағында жиі-жиі түрлі презентациялар өткізіледі. Осылайша, сіз «Ғарыш энергиясының» планетарийінде уақыт өткізе аласыз, ал балаларыңыз «Биомассалар энергиясы» қабатындағы тәжірибелерды қызықтап, қуанышқа бөленетіндеріне күмәніміз жоқ. «Нұр Әлем» ең заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген және ол баланы да, ересек адамды да немқұрайлы қалдырмайтын көптеген қызықты және танымдық дүниені қамтиды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы