Астанадағы cъезде Газа қасіреті мен бейбітшілік жайы сөз болды

Еуропа мұсылмандары форумының президенті Абдул-Вахед Ниязов Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға теңеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Географиялық ауқымы кең болғанына қуаныштымын. Мұнда дәстүрлі түрде әлемдік негізгі діндердің өкілдері толық дерлік қатысады. Қазақстан тағы да толерантты мемлекет ретінде діни қайраткерлерге өзекті проблемаларды, соның ішінде қақтығыстар мен соғыстарды талқылауға мүмкіндік берді. Бүгінгі пленарлық отырыс та соның айғағы болды. Әртүрлі контексте болса да, Газа қасіреті – геноцид туралы көп айтылды. Бұл – біздің бүгінгі өмір шындығымыз, – деп атап өтті Абдул-Вахед Ниязов.

Айтуынша, рухани көшбасшылар адам Жаратушыға ұмтылған сайын бейбітшілікке де ұмтылатынын еске салды.

Егер діндарлық күшейе түссе, біз күн сайын мыңдаған, жүздеген әйел мен баланың қырылып жатқан қатыгез соғыстары тарих қойнауына кетер еді. Себебі иманды адам қатыгездікке бармайды, қайта өмірді сақтап қалуға ұмтылады. Демек, ол соғыстардың тоқтауына да ықпал етеді. Ал Қазақстанның өзі діндер мен ұлттардың бейбіт қатар өмір сүре алатынын дәлелдейтін үлгі. Президент сөзін әдейі үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құрып жеткізді. Бұл Қазақстанның бүкіл әлемге өз мысалында бейбітшілік, өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүру қажеттігін көрсетіп отырғанын аңғартады, – деді Еуропа мұсылмандары форумының басшысы.

Еске салсақ, Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гуттериш бейнеүндеу жолдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы