Астанадағы автобус апаты: Жүргізуші бағанды байқамай соққан

Астанадағы №1 автобус паркінде кеше кешкісін орын алған автобус қатысқан жол апатына қатысты пікір білдірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Автопарк мәліметінше, Avtobus жүйесіндегі деректерге сүйенсек, автобус рұқсат етілген жылдамдықпен – сағатына 25-тен 34 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүрген.

2 маусым күні сағат 21:40 шамасында Республика даңғылында №10 бағыттағы, кесте бойынша жүріп келе жатқан автобус жол апатына ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жол бойындағы ақпараттық бағанды байқамай қалып, соқтығыс орын алған, – деп хабарлады автопарктегілер.

Айтуларынша, жүргізуші апаттан зардап шеккен жоқ.

Сонымен қатар, кәсіпорын жүргізушінің жолаушы тасымалында 15 жылдан астам тәжірибесі бар екенін, ал осы автопаркте 2020 жылдан бері жұмыс істейтінін атап өтті. Апат болған күні ол міндетті алдын ала медициналық тексерістен өтіп, жұмысқа жіберілген. Жұмысқа кесте бойынша демалыстан кейін шыққан.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиғаға куәгер болғандардың сөзінше, жол апатынан автобустың алдыңғы жағындағы орындықта отырған қыз бала ең ауыр соққы алып, аяғына қатты зақым келген. 

Еске сала кетейік, кеше кешкісін Астанада Республика даңғылының бойында қала ішінде жүретін жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Алдын ала деректерге сүйенсек, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде рульді басқара алмай, бағанға соғылған.

Аталған автобус апатынан зардап шегушілердің бірінің жағдайы ауыр екені де хабарланған болатын. Белгілі болғандай, сол қатты зардап шегіп, жағдайы ауыр халде болған жолаушы аяғынан айырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы