Астанада жыл соңына дейін тағы 15 шақырым жол салынады
Жангелдин көшесінің құрылысын 10 қарашаға дейін аяқтап, барлық учаскеде көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр.
Астанада биыл 50-ге жуық жол нысанында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін елордада тағы 15 шақырым жол салу жоспарланған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде жол төсемі мен инженерлік желілер салынуда. Жобаны іске асыру Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қараша айының соңына дейін осы учаскенің бір жағымен көлік қозғалысын толық қамтамасыз ету көзделген.
Жангелдин көшесінің құрылысын 10 қарашаға дейін аяқтап, барлық учаскеде көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр. Бұл К. Күмісбеков және Ш. Бейсекова көшелерінің арасындағы қатынасты жақсартып, жақын маңдағы білім беру ұйымдарына жетуді жеңілдетеді.
Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрық салу жұмыстары да жалғасуда. Көпірдің металл конструкциялары құрастырылып, инженерлік коммуникациялардың негізгі жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Жоба Астана қаласының оң жағалауы мен сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын жақсартып, Көктал мен Агроқалашық тұрғындары үшін қатынауды жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі Абайдың 150 жылдығы көшесінде жол төсемі салынып жатыр. Мұнда жыл соңына дейін көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Пригородный елді мекеніндегі Е522 көшесінде де құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта су құбыры тартылып, жол төсемі салынып жатыр. Қазан айының соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету көзделген.
Жеңіс Қасымбек мердігер ұйымдарға құрылыс мерзімдерін сақтап, жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.