Астанада жыл басынан бері 40 бала көкжөтелге шалдықты
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен екі есе аз.
Астанада 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің 40 жағдайы зертханалық тұрғыда расталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық аз. Қалада инфекцияның таралуына қатысты эпидемиологиялық жағдай бақылауда.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның айтуынша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелге күдікті 50 жағдай тіркелген. Оның 40-ы зертханалық жолмен расталды. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың балаға шаққанда 2,54 жағдайды құрады.
Ал 2025 жылдың осы кезеңінде қалада көкжөтелдің 77 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың балаға шаққанда 5,09 болған.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Астанада 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің 40 жағдайы зертханалық тұрғыда расталды. Былтыр осы кезеңде 77 жағдай тіркелген еді. Биылғы көрсеткіштің төмендегеніне қарамастан, инфекцияның алдын алу шараларын назардан тыс қалдыруға болмайды. Көкжөтел әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті болуы мүмкін. Ауру ұзаққа созылатын ұстамалы жөтелмен сипатталады, кей жағдайда тыныс алудың қиындауына әкеледі. Сондықтан балада осындай белгілер байқалса, өздігінен емделмей, дәрігерге жүгіну қажет. Инфекциядан қорғанудың негізгі жолдарының бірі – вакцинация, – деп атап өтті ведомство өкілі.
Қазақстан бойынша көкжөтел аурушаңдығы 100 мың тұрғынға шаққанда 2,44 жағдайды құрады. Бұл көрсеткіш елордадағы деңгеймен шамалас.
Айта кетейік, көкжөтел – Bordetella pertussis бактериясы қоздыратын, ауа-тамшы жолымен таралатын жұқпалы ауру. Оның негізгі белгілеріне ұзаққа созылатын ұстамалы жөтел, жөтелден кейін құсу және тыныс алудың қиындауы жатады. Нәрестелерде ауру тыныс алудың уақытша тоқтауына да әкелуі мүмкін.
Мамандар инфекцияның алдын алуда вакцинацияның маңызы зор екенін еске салады. Балада көкжөтелге тән белгілер байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет.